Басты жаңалық

Әлемді бағындырған абайлықтар елге оралды

Абай облысында жасөспірімдер арасындағы әлем чемпиондарына құрмет көрсетілді. Аймақ басшысы Германияның Инцель қаласында өткен конькимен жүгіруден әлем чемпионатының жеңімпаздарымен арнайы кездесті. Бұл туралы облыс әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.

27 ақпан мен 1 наурыз аралығында өткен дүбірлі додада өңір спортшылары жоғары нәтиже көрсетіп, ел мерейін үстем етті. Кездесу барысында аймақ басшысы чемпиондар мен олардың бапкеріне алғыс білдіріп, алдағы жарыстарда да табыс тіледі.

Берік Уәли өз сөзінде мемлекет деңгейінде спортты дамытуға ерекше назар аударылып отырғанын атап өтті. Оның айтуынша, бұқаралық спортты дамыту, салауатты өмір салтын қалыптастыру және инфрақұрылымды жетілдіру – негізгі басым бағыттардың бірі. Абай облысында да осы бағытта жүйелі жұмыстар жүргізіліп келеді.


Салтанатты шарада әлем чемпиондары Вадим Чебардаков пен Анастасия Беловодоваға, сондай-ақ олардың жеке бапкері Ильмира Хамитоваға облыс әкімінің алғыс хаттары мен арнайы сертификаттар табысталды. Тәжірибелі жаттықтырушы «Абай облысына сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісімен марапатталды.


Ильмира Хамитова шәкірттерінің жетістігін ел абыройымен байланыстырды. Оның айтуынша, алда спортшыларды маңызды сын Азия ойындары күтіп тұр.


Айта кетейік, Вадим Чебардаков масс-стартта 5:29.87 нәтижемен топ жарып, алтын медаль иеленді.

Ал Анастасия Беловодова Қазақстан құрамасы сапында командалық спринтте үздік нәтиже көрсетіп, әлем чемпионы атанды.

Басқа жаңалықтар

Back to top button