Басты жаңалық

Семейде жер қатынастары саласында көрсеткіштер артты

2025 жылы Семей қаласында жер қатынастары саласында жүйелі жұмыстар жүргізіліп, бірқатар нақты нәтижелерге қол жеткізілді. Ресми деректерге сәйкес, 2025 жылғы 1 қарашадағы жағдай бойынша қаланың жалпы аумағы 29,8 мың гектарды құрайды.

Жер құрылымы бойынша 3,1 мың гектар – елді мекен жерлері, 1,0 мың гектар – өнеркәсіп және инфрақұрылым нысандарына тиесілі, 6,7 мың гектар – ерекше қорғалатын табиғи аумақтар, ал 13,6 мың гектар – резервтік жерлер. 2024 жылы Семей қаласының шекарасы заң жүзінде бекітіліп, сол жылы жаңа бас жоспар қабылданды.

Есепті кезеңде жер мәселелері бойынша 1297 өтініш келіп түсіп, қала әкімдігі тарапынан 1397 қаулы қабылданды. Сондай-ақ 1220 шарт жасалып, оның ішінде жерді жалға алу, сату-сатып алу және сервитут келісімдері рәсімделді.

2025 жылы жер қатынастары саласында 2550 мемлекеттік қызмет көрсетілді. Оның басым бөлігі жерге орналастыру жобаларын бекіту мен жер учаскелеріне құқық беру бағытында жүзеге асқан.

Жер қатынастары саласы бюджет кірісіне де айтарлықтай үлес қосты. Жыл қорытындысы бойынша қала бюджетіне 950,2 млн теңге түсті. Бұл жоспардан 221,1 млн теңгеге артық.

Сонымен қатар сот шешімімен 32 саяжай учаскесі және 5 коммерциялық жер учаскесі коммуналдық меншікке қайтарылды. Қала аумағында заңсыз орналастырылған 143 металл гараж анықталып, оның 101-і ерікті түрде, 42-сі мәжбүрлі түрде бұзылды.

Жер заңнамасын бұзу фактілері бойынша 37 учаскеге қатысты материалдар уәкілетті органға жолданды. Ал Ақсай тұрғын алабында әлеуметтік нысандар салу үшін 17 жер учаскесі бөлінді.

Жыл ішінде коммерциялық мақсаттағы жерлерді жалға беру бойынша 6 аукцион өткізіліп, бастапқы құны 4,7 млн теңге болған учаскелер 92,5 млн теңгеге сатылды.

Жалпы, 2025 жылы Семей қаласында жер ресурстарын тиімді пайдалану, заңдылықты сақтау және бюджет кірісін арттыру бағытындағы жұмыстар нәтижелі жүзеге асырылды.

Басқа жаңалықтар

Back to top button