Аймақта жоғары көркемдік кеңес құрылды

27 наурыз – Халықаралық театр күніне орай аймақта театр өнерін дамытуға арналған жоғары көркемдік кеңес құрылып, алғашқы отырысы өтті. Бұл туралы Абай облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.

Алғашқы жиында кеңестің құрамы бекітілді. Оның құрамына Қазақстанның Халық әртісі, профессор Тұңғышбай Жаманқұлов, мәдениет қайраткері Отантай Кәрібжанұлы, жазушы Асқар Алпысбай, ҚР Еңбек сіңірген қайраткерлері Дариға Тұранқұлова мен Бекжан Тұрыс, жетекші театр артистері мен режиссерлер енді. Кеңес мүшелерінің ұсынысымен облыс әкімі Берік Уәли кеңес төрағасы болып сайланды.

Отырыс барысында театр саласының өзекті мәселелері талқыланды. Қатысушылар өңірде Абай халықаралық театр фестивалін өткізу, жастарды театр мамандықтарына тарту үшін гранттар бөлу сияқты ұсыныстарын ортаға салды.

Жаңа кеңес театр репертуарының деңгейін көтеру, мәдени қызмет сапасын жақсарту және шығармашылық ұжымдарды қолдау бағытында жұмыс істейді.

Айта кетейік, Семей қаласындағы Абай атындағы қазақ музыкалық драма театры – 1934 жылы құрылған, ұлттық сахна өнерінің дамуына елеулі үлес қосып келе жатқан тарихи мәдени ошақ.



