Пластиктен жасалған эко-асфальт

Аягөздік оқушы пластик қалдықтарын қайта өңдеу арқылы жол жабынын дайындаудың тиімді әдісін ұсынды. Бұл туралы Абай облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.

Аружан Қабдұлмаратова №10 қазақ мектеп-гимназиясының 10-сынып оқушысы. Жас зерттеуші бұл жобамен 7-сыныптан бері айналысып келеді. Зерттеу нәтижесінде ол тұрмыстық пластикті арнайы өңдеп, асфальт құрамына енгізу тәсілін әзірлеген. Мұндай технология жолдың беріктігін арттырып, қызмет ету мерзімін ұзартады.
Мамандардың бағалауынша, эко-асфальттан жасалған жолдар орта есеппен 12–18 жыл жөндеусіз қызмет ете алады. Ал сапасы жоғары түрлері 20–25 жылға дейін шыдауы мүмкін. Сонымен қатар, бұл әдіс дәстүрлі жол жабынына қарағанда үнемдірек.

Жобаның тағы бір ерекшелігі — жол сапасын бақылауды автоматтандыру. Екінші кезеңде оқушы ақауларды анықтап, жедел жөндеуге мүмкіндік беретін автономды роботтар жүйесін енгізуді жоспарлап отыр.
Жобаның негізгі мақсаты — пластик қалдықтарын тиімді пайдалану арқылы экологияны қорғау және жол құрылысына инновациялық шешім енгізу. Эко-асфальт бастамасы өңірдегі экологиялық мәселелерді азайтуға бағытталған.



