Жас ұстаздың ізденіске толы жолы

Қазір білім саласында жас та болса тәжірибесімен танылып келе жатқан ұстаздар аз емес. Солардың бірі — Шәкәрім университетінің оқытушысы, педагогика ғылымдарының магистрі, тарихшы Еркежан Бауржанқызы Құмарханова. Жасы 23-те. Ол білім мен ғылымды қатар алып жүріп, жас буынға бағыт-бағдар беруді басты мақсат санайды.

Еркежан Құмарханова 2023 жылы Шәкәрім университетінде «Тарих» мамандығы бойынша бакалавриатты үздік аяқтап, кейін педагогика ғылымдарының магистрі дәрежесін иеленді. Өзінің айтуынша, білім тек білу емес, үнемі ізденіс үстінде болу.
— «Білмеймінді айту үшін де біраз білім керек. Әуелі білмейтініңді мойындайсың, содан кейін ғана білім жолы басталады», — дейді ол.
Студенттік кезеңінде-ақ Ustudy оқу орталығында ұстаздық пен кураторлық қызметін бастап, оқушыларды ҰБТ-ға дайындауға атсалысты. Сол уақытта мұғалімнің тек пән үйретуші емес, өмірлік бағдар беруші тұлға екенін түсінгенін айтады.

Кейін ол Әлихан Бөкейхан университетінде оқытушылық қызмет атқарып, студенттерді ғылыми жобаларға баулыды. Бір жыл ішінде оның жетекшілігіндегі студенттер облыстық және халықаралық деңгейдегі жетістіктерге қол жеткізді.
Уақыт өте келе жас маман өзі түлеп ұшқан Шәкәрім университетіне қайта оралып, бүгінде осында қызметін жалғастырып келеді.
— «Жас буынның ойын адастырмай, бағыт-бағдар беріп, ел ертеңіне қызмет ететін тұлға қалыптастыру — біздің басты міндетіміз», — дейді Еркежан Құмарханова.
Ол ұстаздық жолын қоғам алдындағы жауапкершілік деп қабылдайды. Оның айтуынша, ғылым мен білім жолындағы басты мақсат — шәкірттердің биік белестерді бағындыруына жол ашу.

Жас ұстаздың ұстанымы да Абайдың «Мазлұмға жаның ашып, ішің күйсін, харекет қыл, пайдасы көпке тисін» деген өнегелі сөзімен астасып жатыр.



