Білім

Болашақ нейролингвисттің ғылыми жолы

Семей қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 12-сынып оқушысы Асылбек Құтұмбеков ғылыми ізденістегі табандылығы мен жүйелі еңбегінің арқасында ерекшеленіп келеді. Соңғы үш жылда ол төрт ғылыми жобасын сәтті қорғап, республикалық деңгейде жоғары нәтижелерге қол жеткізді. Жас зерттеушінің еңбектері сараптамадан өтіп, ғалымдар тарапынан жоғары бағасын алған.

Жуырда Асылбек қоғамдық-гуманитарлық бағыттағы республикалық ғылыми жобалар байқауының жеңімпазы атанды. Байқаудың қорытынды кезеңі Қарағанды қаласында өтіп, ол І орынды иеленді.


Бұл жолғы ғылыми жұмысы корей лингвомәдени кеңістігіндегі іскерлік коммуникацияның табыстылық критерийлеріне арналды. Жоба Қазақстан мен Корея Республикасы арасындағы іскерлік байланыстарды жетілдіруге бағытталған. Сонымен қатар мәдени ерекшеліктерді ескере отырып, жасанды интеллект негізіндегі чат-бот моделін әзірлеуімен ерекшеленеді.

Ғылыми жұмыс пәнаралық сипатқа ие. Онда мәдениеттану, лингвистика және жасанды интеллект бағыттары өзара тоғыстырылған.

Менің мақсатым – жасанды интеллект арқылы мәдени контексті дәл түсінетін модельдер жасау. Яғни, кәсіби мәдениеттанушылар мен аудармашылар секілді мәдени тұрғыдан хабардар AI үлгілерін әзірлеу, — дейді Асылбек Құтұмбеков.

Асылбектің ғылыми жетекшісі – Назарбаев Зияткерлік мектебінің орыс тілі пәні мұғалімі Айнур Бодеева.

Айта кетейік, Асылбек Құтұмбеков 2024 және 2026 жылдары өткен РКНП байқауларында, сондай-ақ 2024 және 2025 жылдары өткен Әл-Фараби атындағы республикалық конференцияларда алтын жүлдеге ие болған. Ғылыми еңбектері бірнеше мәрте сараптамадан өтіп, кәсіби қауымдастық тарапынан жоғары бағаланған.

Болашақта ол нейролингвистика саласының маманы болуды жоспарлап отыр.

Басқа жаңалықтар

Back to top button