Зейнетақыдан 20% ұсталады деген ақпарат – жалған

Қазақстанда әлеуметтік желілерде тараған зейнетақы төлемдерінен 20% ұстап қалу туралы ақпарат шындыққа сәйкес келмейді. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі ресми мәлімдеді.
Ведомствоның хабарлауынша, белгісіз тұлғалар deepfake технологияларын пайдаланып, ынтымақты зейнетақы қысқарады деген мазмұнда жалған видеолар таратып жатыр. Министрлік азаматтарды тек ресми ақпарат көздеріне сенуге шақырды.
Сонымен қатар, биыл 1 қаңтардан бастап зейнетақы мөлшері артқан. Атап айтқанда, базалық және ынтымақты зейнетақы көлемі 10%-ға өсті.
Қазіргі таңда базалық зейнетақының ең төменгі мөлшері 35 596 теңгені, ал ең жоғары мөлшері 60 005 теңгені құрайды.
Мамандар жалған ақпараттың таралуына жол бермеу үшін тұрғындарды сақ болуға және күмәнді мәліметтерді тексеруге кеңес береді.



