Семейде 100 көше мен 100 аула жөнделеді

Семей қаласының әкімі Әділет Нұрсағатұлының төрағалығымен өткен әкімдік отырысында 2026 жылға арналған бірқатар маңызды бағыттар қаралды. Жиынға әкім орынбасарлары, бөлім басшылары мен жауапты мамандар қатысты.
Күн тәртібінде орташа жол жөндеу жұмыстары, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасын тұрақтандыру және көппәтерлі тұрғын үйлердің қасбеттерін жаңарту мәселелері талқыланды.

Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес, қаладағы жол инфрақұрылымын дамыту мақсатында биыл 100 көшеде орташа жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланып отыр. Сонымен қатар 100 аулаға асфальт төсеу көзделген. Бұл шаралар тұрғындар үшін қолайлы әрі қауіпсіз орта қалыптастыруға бағытталған.
Азық-түлік бағасын тұрақтандыру мәселесіне де ерекше назар аударылды. Қазіргі таңда тұрақтандыру қорының өнімдері қаладағы 128 сауда нысанында сатылуда. Осы бағыттағы жұмысты жетілдіру үшін өнім сапасына бақылауды күшейту, ассортиментті кеңейту, жеткізушілер санын арттыру, өңдеуші кәсіпорындарды субсидиялау және жергілікті өндірушілерді тарту шаралары қолға алынбақ. Сондай-ақ сауда орындарына өнім жеткізудің жеделдігін арттыру көзделіп отыр.

Бұдан бөлек, 2026 жылы Семей қаласына біртұтас сәулеттік келбет беру мақсатында 24 көппәтерлі тұрғын үйдің қасбетін күрделі жөндеуден өткізу жоспарланған.
Қала әкімі барлық жұмыстардың сапалы әрі уақытылы орындалуын қатаң бақылауға алуды тапсырды. Оның айтуынша, басты міндет — тұрғындар үшін қолайлы және қауіпсіз орта қалыптастыру.



