Семейде заңсыз арақ өндірісі тоқтады

Абай облысында заңсыз алкоголь өнімдерін өндірумен айналысқан жасырын цехтың қызметі тоқтатылды. Бұл туралы Қаржы мониторингі агенттігі хабарлады.
Тергеу мәліметіне сәйкес, Семей қаласының тұрғыны тиісті лицензиясыз алкоголь өндірісін ұйымдастырған. Өнім орынжайлар мен гараждарда спиртті сумен араластыру арқылы дайындалып, кейін танымал брендтердің атауымен бөтелкелерге құйылған. Заңды өнім ретінде көрсету үшін қолдан жасалған есепке алу-бақылау маркалары пайдаланылған.
Тінту барысында заңсыз айналымнан «Finsky Ice» және «Сибирские морозы» атауларымен 12 мыңнан астам бөтелке алкоголь, 8 мыңнан аса бос бөтелке, 10 мың литрден астам спирт құрамды сұйықтық, жалған маркалар мен өндірістік жабдықтар тәркіленді.
Сот санкциясымен цех орналасқан жекеменшік үйге және өнім тасымалдауға пайдаланылған 3 автокөлікке тыйым салынды.
Күдіктіге елден шықпау туралы бұлтартпау шарасы қолданылды. Тергеу жалғасуда.



