Қала жолдары жаңарады

Биыл Семей қаласында 100 көшеге асфальт төсеу жоспарланып отыр. Бұл туралы Абай облысының әкімі Берік Уәли қала көшелерінде жүргізіліп жатқан ағымдағы жөндеу жұмыстарымен танысу барысында мәлімдеді.
Қазіргі уақытта облыс орталығындағы бірқатар көшелерде жол жабындысын жаңарту жұмыстары жүргізілуде. Аймақ басшысы Міржақып Дулатов және Қайым Мұхамедханов көшелерінің қиылысындағы жөндеу барысын қарап, мердігер ұйымдарға жұмысты сапалы әрі белгіленген мерзімде аяқтауды тапсырды.
Семей қаласында жалпы ұзындығы 756 шақырымды құрайтын 1179 көше бар. Абай облысы құрылғанға дейін жолдардың тек 36 пайызы ғана асфальтталған болса, 2025 жылдың қорытындысында бұл көрсеткіш 50 пайызға жетті. 2026 жылға арналған жоспар аясында жол инфрақұрылымын дамытуға бағытталған кешенді шаралар жүзеге асырылуда.
Облыс әкімі биыл қаланы абаттандыруға ерекше көңіл бөлінетінін атап өтті. Негізгі басымдық бұрын асфальт төселмеген көшелер мен аула аумақтарына беріледі. Сонымен қатар, 100 аулаға асфальт төсеу, 100 ауланы абаттандыру және 100 көшені жарықтандыру жоспарланған.
Берік Уәли жол сапасына ерекше мән берілетінін жеткізіп, барлық жұмыстардың кепілдік талаптарына сай орындалуы қатаң бақылауда болатынын айтты. Осы бағытта Ұлттық сапа орталығының мамандарымен бірлесіп тұрақты мониторинг жүргізу тапсырылды.
Аймақ басшысы сондай-ақ жол құрылысы мен жөндеу жұмыстарына қоғамдық бақылау орнатудың маңыздылығын атап өтті. Бұл іске қоғамдық кеңес мүшелері мен партия өкілдерін белсенді тарту қажеттігі айтылды.



