Басты жаңалық

Жалақы өсті, табыс аз

Номиналды өсім бар, бірақ инфляция педагогтардың нақты кірісін төмендетіп отыр. Соңғы деректер ұстаз табысының бірнеше жыл қатарынан әлсірегенін көрсетеді.

Қазақстанда педагогтардың нақты жалақысы төмендеуін жалғастыруда. 2025 жылдың қорытындысы бойынша білім беру саласындағы орташа айлық жалақы 322,7 мың теңгені құрады. Бұл көрсеткіш 6,8%-ға артқанымен, инфляция әсерінен нақты табыс 4,1%-ға азайған.

Сарапшылардың айтуынша, бұл үрдіс уақытша емес. Жалпы экономикада да нақты жалақы 1,4%-ға төмендегенімен, білім беру саласындағы құлдырау айқын байқалады.

2019–2021 жылдары мұғалімдер жалақысы жылына орта есеппен 17,8%-ға өсіп, салада оң динамика қалыптасқан еді. Алайда қазіргі кезеңде инфляциялық қысым бұл өсімнің әсерін әлсіретіп отыр.

Бүгінде білім беру саласы еліміздегі ең ірі жұмыспен қамту бағыттарының бірі. Мұнда 1,1 млн адам жұмыс істейді. Оның ішінде 708 мың педагог мектептер мен колледждерде еңбек етеді. Дәл осы сегментте нақты жалақының төмендеуі 6,1%-ға жеткен.

Сарапшылар нақты табыстың азаюы педагогтардың әлеуметтік жағдайына әсер етуі мүмкін екенін айтады.

Еске салсақ, ел бойынша медианалық жалақы 340 мың теңге, ал орташа айлық табыс 473 мың теңгеден асады.

Басқа жаңалықтар

Back to top button