Дала мен орман бақылауда

Абай облысында өрт қаупі жоғары кезеңге дайындық күшейді. Премьер-министр Олжас Бектенов өңірге жұмыс сапары барысында жедел штаб отырысын өткізіп, негізгі назарды табиғи өрттердің алдын алуға аударды.
Өңір әкімі Берік Уәлидің мәліметінше, облыстағы орман алқаптарының басым бөлігі «Семей орманы» резерватына тиесілі. Жыл басынан бері тіркелген екі орман өрті дер кезінде сөндіріліп, зардапқа жол берілмеген.
Қазір өңірде өрттің алдын алу бағытында кешенді жұмыстар жүргізіліп жатыр. Дала өрттерінің қаупін азайту жоспары бекітіліп, орманды қорғау шаралары күшейтілген. Бақылау үшін 170 адамнан құралған 38 мобильді топ жұмыс істеуде.
Сонымен қатар елді мекендер маңында минералданған жолақтар жасалып, өртті ерте анықтау үшін ғарыштық мониторинг енгізілген. 37 бейнебақылау камерасы орнатылып, әуе техникасы да дайындыққа келтірілді.
Материалдық-техникалық база да жаңартылуда. Соңғы жылдары төтенше жағдайлар қызметіне 35 техника мен 13 дрон алынған. Биыл тағы 18 техника сатып алу жоспарланған.
Өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін өңірде 75 өрт сөндіру пункті жұмыс істейді. Биыл олардың саны артып, жаңа деполар салу көзделген.
Қажет жағдайда 2,5 мыңға жуық адам мен 600-ден астам техника жұмылдыруға дайын. Оқу-жаттығулар тұрақты түрде өткізіліп келеді.



