Басты жаңалық

Абайда «109» ең хит нөмірге айналды

Абай облысында «109» Бірыңғай байланыс орталығы тәулік бойы жұмыс істеп, тұрғындардың өтініштерін қабылдап келеді. Қазір бұл қызмет тек қоңырау қабылдаумен шектелмей, «Сергек» камералары арқылы жағдайды да бақылауда ұстайды.


2024 жылдан бастап «109» орталығы бірқатар маңызды платформалармен бірікті. «Таза Қазақстан» акциясына байланысты өтінімдерді қабылдау мен бақылау жүйесі іске қосылды. Сондай-ақ «SMART DATA UKIMET» ақпараттық-талдамалық жүйесімен интеграция жүргізіліп, деректер алмасу жолға қойылды.


Абай облысы әкімдігінің арнайы қаулысына сәйкес, «109» жүйесіне 38 мемлекеттік мекеме қосылды. Олардың қатарында облыс әкімінің аппараты, басқармалар, Семей қаласының әкімдігі және коммуналдық қызметтер бар. Бұл тұрғындардың өтініштерін жедел әрі тиімді шешуге мүмкіндік береді.


2025 жылдан бастап прокуратурамен бірлесіп интернет-алаяқтыққа қарсы «Анти Call-орталық» құру жоспарланған. Қазіргі таңда бұл бағытта полиция қызметкерлері тартылып, орталықты толыққанды тәулік бойы жұмыс істейтін құрылымға айналдыру үшін 16 штат бірлігін бөлу мәселесі қарастырылуда.

2026 жылдың наурыз айынан бастап орталық қызметкерлері «Қаладан – ауылға» пилоттық жобасы аясында тұрғындарға 32 бастапқы кеңес берген.


Статистикаға сүйенсек, 2025 жылы орталыққа 26 мыңнан астам өтінім келіп түскен. Ал 2026 жылдың басынан бері 1,8 мыңға жуық өтініш тіркелген. Олардың басым бөлігі тікелей «109» нөмірі арқылы қабылданған.

Бүгінде тұрғындар «109» қысқа нөміріне тегін хабарласып, кез келген мәселе бойынша көмек сұрай алады. Қызмет барлық  мобильді операторлар арқылы қолжетімді.

Басқа жаңалықтар

Back to top button