Басты жаңалық

Ақтөбеден Абайға үлкен тарту

Абай облысында спорт инфрақұрылымын дамытуға бағытталған маңызды жоба жүзеге асырылуда. Семей қаласында заманауи жекпе-жек сарайының құрылысы басталды. Бұл нысан «Абайға құрмет» акциясы аясында Ақтөбе облысының қолдауымен салынуда.

Жаңа спорт кешені қаладағы Құнанбай көшесінде орналасады. Жоба жекпе-жек спорт түрлерін дамытуға арналған көпфункционалды орталық ретінде қарастырылған. Мұнда бокс, күрес, дзюдо, таэквондо, самбо және өзге де спорт түрлерімен айналысуға барлық қажетті жағдай жасалады.

Ғимарат көрермендерге арналған залмен жабдықталып, түрлі деңгейдегі жарыстарды, оқу-жаттығу жиындарын және бұқаралық спорттық іс-шараларды өткізуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар, жас спортшыларды даярлау мен спорттық шеберлікті арттыруға басымдық беріледі.

Айта кетейік, Ақтөбе облысының әкімі Асхат Берлешұлы Шахаров – дзюдодан спорт шебері. Бұл бастаманың жекпе-жек спортын дамытуға бағытталуы да осы саламен тығыз байланысты.

Жекпе-жек сарайы барлық жастағы тұрғындарға қолжетімді болады. Мұнда спорттық секциялар, қосымша білім беру бағдарламалары және салауатты өмір салтын насихаттайтын шаралар ұйымдастырылады.

Жоба іске асқаннан кейін Семей қаласында жекпе-жек спортын дамытуға жаңа серпін беріліп, өңірдің спорттық әлеуеті арта түседі.

Басқа жаңалықтар

Back to top button