Қала келбеті жаңарып келеді

Абай облысының әкімі Берік Уәли Семей қаласындағы жұмыс сапары барысында тағы бір нысанды аралап, көпқабатты тұрғын үйдің қасбетін жаңарту жұмыстарының барысымен танысты.
Бұл жолы аймақ басшысы Кеңгірбай би (Селевин) көшесі, 38 мекенжайында орналасқан тұрғын үйге барды. Қазіргі таңда мұнда ғимараттың сыртқы келбетін жаңарту бағытында күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Жобаның тапсырыс берушісі – «Ақ Ертіс» қоғамдық қоры, ал бас мердігер – «Қаршыға» ЖШС. Жөндеу жұмыстары 2026 жылдың 1 сәуірінде басталып, 20 сәуірде аяқталады деп жоспарланған.
Нысанда қасбет термопанельдермен қапталып, балкондар металлсайдингпен әрленуде. Сонымен қатар терезе жиектері мен сәндік элементтер орнатылып, заманауи жарықдиодты жарықтандыру жүйесі енгізілуде.

Жоба тұрғын үйдің сыртқы келбетін жақсартып қана қоймай, оның энергия тиімділігін арттыруға да бағытталған. Қаладағы ескі үйлердің осылай кезең-кезеңімен жаңартылуы тұрғындар үшін жайлы орта қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Аймақ басшысы жүргізіліп жатқан жұмыстардың сапасына назар аударып, белгіленген мерзімде аяқтауды тапсырды.



