Абай облысында көктемгі егіс басталды

Абай облысында 2026 жылғы көктемгі дала жұмыстары ресми түрде басталды. Өңірде егіс науқанын уақытылы әрі сапалы өткізу үшін барлық дайындық жұмыстары аяқталып, шаруалар іске кірісті.
Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Ертай Қуанбаев биылғы жоспарлармен бөлісті. Оның айтуынша, жалпы егіс көлемі 789,3 мың гектарды құрайды.
Егіс құрылымы мынадай:
– дәнді және дәнді-бұршақ дақылдары – шамамен 300 мың га
– майлы дақылдар – 340 мың га
– жем-шөп дақылдары – 138 мың га
– картоп – 6,6 мың га
– көкөніс және бақша дақылдары – 5,2 мың га
Биыл өңірде егіс алқаптарын әртараптандыруға ерекше көңіл бөлінуде. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, майлы дақылдардың көлемі сақталып, жүгері егісі ұлғайтылады. Егер өткен жылы жүгері 8 мың гектарға егілсе, биыл бұл көрсеткіш 10 мың гектарға дейін жеткізілмек.
Көктемгі дала жұмыстарын жүргізу үшін облыс бойынша 12 мыңнан астам ауыл шаруашылығы техникасы жұмылдырылған. Олардың қатарында заманауи егіс кешендері, сепкіштер мен топырақ өңдеу құралдары бар. Мамандардың айтуынша, техниканың дайындығы толық қамтамасыз етілген.
Сонымен қатар, егіс науқанын қаржыландыру мақсатында «Кең дала» бағдарламасы аясында өңірге 14 млрд теңге бөлінген. Қазіргі уақытта ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне қаржылай қолдау көрсетіліп жатыр. Қажет болған жағдайда қосымша қаражат қарастыру мүмкіндігі де бар.
Қазірдің өзінде облыстың бірқатар аудандарында дала жұмыстары басталып кеткен. Агрономдар барлық шараларды агротехникалық талаптарға сай жүргізіп, егіс науқанын 1 маусымға дейін аяқтауды жоспарлап отыр.
Көктемгі науқанның табысты өтуі – өңірдің азық-түлік қауіпсіздігі мен ауыл шаруашылығының тұрақты дамуы үшін маңызды.



