Аягөзде 31 отбасы баспаналы болды

Абай облысының әкімі Берік Уәли Аягөз қаласында жаңа тұрғын үйдің кілттерін табыстау рәсіміне қатысып, 31 отбасыға баспана кілтін салтанатты түрде тапсырды.
Шара Қабанбай батыр көшесі, 5/4 мекенжайында орналасқан 5 қабатты, 60 пәтерлі тұрғын үйде өтті. Пәтерлер «Отбасы банк» арқылы мемлекеттік қолдау бағдарламасы аясында кезекте тұрған азаматтарға берілді.

Жаңа қоныс иелері қатарында көпбалалы отбасылар, жетім балалар, І және ІІ топтағы мүгедектігі бар азаматтар, бюджеттік сала қызметкерлері және өзге де әлеуметтік санаттағы тұрғындар бар.
Салтанатты рәсім барысында өңір басшысы тұрғындарды құттықтап, баспана — әр отбасының өміріндегі маңызды әлеуметтік кепіл екенін атап өтті. Сондай-ақ, аймақта тұрғын үй құрылысы алдағы уақытта да жалғасатынын жеткізді.

Аягөз ауданында соңғы жылдары инфрақұрылымды дамыту, тұрғын үй салу және халықтың тұрмыс сапасын арттыру бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді.



