Турнир қарсаңындағы кездесу

Абай облысының әкімі Берік Уәли өңірдегі спорт саласының өкілдерімен кездесті. Басқосу 7 мамыр күні Семей қаласында өтетін белгілі спорт комментаторы Амангелді Сейітханды еске алуға арналған республикалық турнир қарсаңында ұйымдастырылды.
Кездесуге Елсияр Қанағатов және Несіп Жүнісбайұлы қатысты. Тараптар өңірдегі спорт саласының даму қарқыны мен өзекті мәселелерін талқылады. Қонақтар атқарылып жатқан жұмыстарға оң баға беріп, алдағы турнирдің маңызын атап өтті.

«Seitkhan cup» турнирі 2022 жылдан бері дәстүрлі түрде өткізіліп келеді. Бұған дейін жарыс Алматы қаласында ұйымдастырылса, биыл алғаш рет Амангелді Сейітханның туған жері – Абай облысында өтеді. Турнирдің ұйымдастырушысы – BAQ LIGA, ал бас қолдаушысы – облыс әкімдігі.
Кездесу барысында аймақ басшысы өңірде спорт инфрақұрылымын дамыту бағытында жүзеге асып жатқан жобаларға тоқталды. Қазіргі уақытта Семей қаласының Бобровка және Ұшақтар кенттерінде дене шынықтыру кешендерінің құрылысы жүргізілуде. Жыл басында Водный кентінде жаңа спорт нысаны пайдалануға берілді.
Сонымен қатар, Абайдың 180 жылдық мерейтойы аясында қолға алынған «Абайға құрмет» акциясы шеңберінде жаңа спорт нысандары салынып жатыр. Атап айтқанда, Ақтөбе облысының қолдауымен жекпе-жек сарайының құрылысы басталды. Павлодар облысы Семейде үстел теннисі орталығын салуды жоспарлауда.

Ірі компаниялар да бұл бастамаларға үлес қосуда. KAZ Minerals Семейдегі жаңа шағын ауданда стадион құрылысын қолға алған. Ал Самұрық-Қазына қоры қаланың оң жағалауында дене шынықтыру-сауықтыру кешенін салуда. Сондай-ақ Қазақстан темір жолы Аягөз қаласында осындай нысан тұрғызуды жоспарлап отыр.
Кездесу қорытындысында облыс әкімі айтылған ұсыныстар мен пікірлер назарға алынатынын, оларды іске асыру бағытында тиісті жұмыстар жүргізілетінін атап өтті.



