Семейлік оқушы шетелді шулатты

Темірлан Абылайхан робототехника мен жасанды интеллект бағытында нақты нәтижелерге жетіп жүрген жас дарын. Ол Шәкәрім атындағы көпбейінді №5 гимназияның 11-ші сынып оқушысы.
— Мен робототехника, инженерия және жасанды интеллектке қызығамын. Маған технологияны тек үйрену емес, оны өмірде қолдану маңызды, — дейді ол.

Темірлан бұл салаға 8-сыныпта информатика олимпиадасы арқылы келген. Кейін жаттықтырушысы Айдос Тұрсынбеков оны FIRST Lego League жарыстарына шақырып, қызығушылығы одан әрі артқан.
— Сол кезден бастап осы саламен тұрақты айналысып келемін. Өз қолыңмен бір нәрсе жасап, оның жұмыс істегенін көру бөлек әсер сыйлайды, — дейді Темірлан.
Жуырда ол Өзбекстанда өткен «SMART SARDOR» халықаралық жарысына қатысып, Қазақстан атынан өз жобасын қорғаған.
— Жарыс жоғары деңгейде өтті. Бұл мен үшін үлкен тәжірибе болды, — дейді ол.

Темірланның басты мақсаты — дамуды тоқтатпау және елге пайда әкелу.
— Болашақта осы саланы Қазақстанда дамытуға үлес қосқым келеді, — дейді жас өнертапқыш.



