Басты жаңалық

Меритократия – мемлекеттік қызметтің басты қағидаты

Мемлекеттік қызмет жүйесінің тиімділігі кәсіби әрі білікті кадрларға тікелей байланысты. Осы орайда меритократия қағидаты мемлекеттік аппаратты дамытудың негізгі тетіктерінің бірі саналады. Бұл қағида мемлекеттік қызметке қабылдау мен мансаптық өсудің адамның біліміне, тәжірибесіне және еңбек нәтижесіне негізделуін көздейді.

Меритократия – латын тілінен аударғанда «еңбек», «қабілет», «құндылық» деген мағынаны білдіреді. Яғни, әрбір қызметкердің жетістігі оның кәсіби біліктілігі мен атқарған жұмысының нәтижесіне қарай бағаланады. Бұл тәсіл мемлекеттік басқару сапасын арттырып, кадрлық шешімдердің ашықтығы мен әділдігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Қазіргі таңда мемлекеттік қызмет жүйесінде ішкі конкурс, бағалау және ауысу тетіктері арқылы қызметшілердің кәсіби әлеуеті сараланып келеді. Нәтижесінде білікті мамандардың мансаптық өсуіне жағдай жасалып, мемлекеттік аппараттың тиімділігі артып отыр.

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Абай облысы бойынша департаментінің мәліметінше, 2026 жылдың бірінші тоқсанының қорытындысы бойынша өңірдегі жергілікті атқарушы органдарда меритократия қағидаты негізінде 48 мемлекеттік қызметші тағайындалған.

Олардың ішінде ішкі конкурс нәтижесінде 25 мемлекеттік қызметші жоғары лауазымға көтерілді. Атап айтқанда, облыс орталығында – 13, аудандық деңгейде – 10, ауылдық деңгейде 2 қызметкер мансаптық өсімге қол жеткізген.

Мемлекеттік қызметшілердің жұмысы тоқсан сайын бағаланып, жыл соңында қорытынды нәтиже шығарылады. Бағалау жүйесі қызметкерлердің міндеттерді орындау сапасын объективті анықтауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар оның нәтижесі бонустар беру, көтермелеу, оқыту, ротациялау және лауазымын жоғарылату секілді кадрлық шешімдер қабылдауға негіз болады.

Бағалау қорытындысына сәйкес, төрт тоқсан бойы тиімді нәтиже көрсеткен қызметкерлер жоғары лауазымдарға тағайындалу мүмкіндігіне ие болады. Осы тәртіппен 21 мемлекеттік қызметші мансаптық өсімге қол жеткізген. Олардың қатарында облыс әкімі аппаратының құрылымдық бөлімше басшылары, облыстық басқармалардың бөлім жетекшілері және аудандық деңгейдегі басшылар бар.

Сонымен қатар мемлекеттік органдар арасындағы ауысу тәртібі де меритократия қағидатына негізделген. Бұл ретте қызметкердің кәсіби жетістігі, тәжірибесі және қызметтік міндеттерді тиімді орындауы басты назарға алынады. Осы механизм арқылы екі мемлекеттік қызметші бір деңгей жоғары лауазымға тағайындалған.

Мемлекеттік қызмет саласында тәртіп пен әдеп нормаларын сақтау да маңызды талаптардың бірі. Қызметтік әдепті бұзған немесе тәртіптік жаза алған тұлғалардың конкурс немесе ауысу тәртібімен жоғары лауазымға тағайындалуына жол берілмейді.

Мамандардың пікірінше, меритократия қағидаты мемлекеттік қызметтің кәсібилігін арттырып қана қоймай, азаматтардың мемлекеттік органдарға деген сенімін нығайтуға ықпал етеді. Сонымен қатар бұл жүйе қабілетті әрі білімді мамандарды іріктеуге мүмкіндік беріп, мемлекеттік басқару сапасын жақсартуға негіз болады.

Материал Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Абай облысы бойынша департаменті ұсынған ақпарат негізінде дайындалды.

Басқа жаңалықтар

Back to top button