Білім

ҰБТ алдында алаяқтар көбейді

Қазақстанда Ұлттық бірыңғай тестілеу басталар тұста әлеуметтік желілерде «ҰБТ-дан өткізіп береміз», «грант алып береміз» немесе «тест жауаптарын сатамыз» деген күмәнді ұсыныстар көбейген. Осыған байланысты Ұлттық тестілеу орталығы талапкерлер мен ата-аналарды алаяқтардан сақ болуға шақырды.

ҰТО мәліметінше, әрбір талапкер үшін тесттің жеке нұсқасы дайындалады. Сондықтан интернетте таралып жатқан «дайын жауаптардың» шынайы ҰБТ сұрақтарына сәйкес келуі мүмкін емес.

Орталық өкілдері тест тапсырмалары Ұлттық тестілеу орталығының зияткерлік меншігі екенін еске салды. Оларды заңсыз тарату немесе жариялау заң бойынша жауапкершілікке әкеледі.

Сондай-ақ мамандар күмәнді Telegram-арналар мен әлеуметтік желідегі жалған парақшаларға ақша аудармауға кеңес береді. Себебі мұндай жағдайларда талапкерлер алаяқтардың құрбанына айналып, қаржысынан айырылып жатады.

Ұлттық тестілеу орталығы талапкерлерді тек өз біліміне сеніп дайындалуға және академиялық адалдық қағидаларын сақтауға шақырды.

Еске салайық, Қазақстанда негізгі ҰБТ 10 мамырда басталып, 10 шілдеге дейін жалғасады. Биыл тестілеуге қатысу үшін шамамен 240 мың талапкер өтініш берген.

ҰБТ форматы өзгеріссіз қалады. Талапкерлер үш міндетті және екі бейіндік пән бойынша тест тапсырады. Жалпы тапсырма саны – 120. Ең жоғары көрсеткіш – 140 балл. Тестілеуге 4 сағат уақыт беріледі.

Басқа жаңалықтар

Back to top button