Білім

Білім сапасын арттыруға басымдық берілді

Абай облысының әкімі Берік Уәлидің төрағалығымен өткен жиында өңірдің білім беру саласындағы өзекті мәселелер қаралды. Білім басқармасының басшысы Бауыржан Ердембеков салада атқарылған жұмыстар мен жүзеге асырылып жатқан жобалар туралы баяндады.

2025 жылы облыста білім беру инфрақұрылымын дамыту және оқушы орындарының тапшылығын азайту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілді. Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында өңірде төрт жаңа мектеп пайдалануға берілді. Атап айтқанда, Бесқарағай ауданында 300 орындық, Аягөз ауданында 600 орындық, Семей қаласының Қарағайлы ықшам ауданында 1200 орындық және Водный кентінде 600 орындық мектеп ашылды. Қазіргі уақытта Семей қаласының Шығыс кентінде 300 орындық жаңа мектептің құрылысы жүріп жатыр.

Өңірдегі апатты жағдайда деп танылған үш мектептің мәселесі де кезең-кезеңімен шешілуде. Жарма ауданының Суықбұлақ ауылында 100 орындық жаңа мектеп салынуда. Ақсуат ауданындағы Екпін ауылында 300 орындық мектептің құрылысы басталмақ. Семей қаласындағы №11 мектептің орнына жаңа білім ордасын салуға құжаттар әзірленіп жатыр. Сонымен қатар Семейдегі №4 және №30 мектептерде қосымша ғимараттар бой көтеруде. Бұл жобалар толық іске асқанда мыңға жуық балаға қолайлы әрі сапалы білім алу мүмкіндігі беріледі.

2025 жылдың соңында Семей қаласында көпфункционалды Оқушылар сарайы ашылды. Нысанның жалпы аумағы – 9 800 шаршы метр. Ғимарат бір ауысымда 500 баланы, ал ауысымдық форматта 1500 оқушыға дейін қабылдай алады.

Өткен жылы облыстағы 12 мектепке күрделі жөндеу жүргізуге 2,9 млрд теңге бөлінді. Оның ішінде 9 мектеп толық реновациядан өтіп, заманауи жабдықтармен қамтамасыз етілді. Сонымен қатар 75 мектепке 131 жаңа оқу кабинеті сатып алынды. Ауылдық қосымша білім беруді дамыту мақсатында «Қазақстан халқына» қорының қолдауымен 36 мектеп 58 STEM бағытындағы заманауи кабинетпен, сондай-ақ 4 балалар шығармашылық орталығы жаңа техникалық-ғылыми жабдықтармен қамтылды.

Жиында аймақ басшысы білім беру саласын дамыту – мемлекеттік саясаттың басты басымдықтарының бірі екенін атап өтті.

— Саналы ұрпақ тәрбиелеу – елдің ертеңін қалыптастыру. Сондықтан білім сапасын арттыру, қауіпсіз әрі жайлы оқу ортасын құру бағытындағы жұмыстар жалғасын табады. «Келешек мектептері» салынып, қолданыстағы білім беру ұйымдары жаңғыртылып жатыр. Балалардың қосымша біліммен қамтылуы да тұрақты назарда, – деді облыс әкімі.

Білім саласындағы қолға алынған бастамалар өңірде әрбір балаға тең мүмкіндік беруге және заманауи білім беру жүйесін қалыптастыруға бағытталған.

Басқа жаңалықтар

Back to top button