Туған жерге туын тіккен азамат

Көкпекті ауданына жұмыс сапарымен барған Абай облысының әкімі Берік Уәли аудан орталығынан 20 шақырым қашықтықта орналасқан Ажа ауылының тыныс-тіршілігімен танысып, әлеуметтік маңызы бар нысандарды аралады.
Аймақ басшысы алдымен ауылдағы спорт модулін, мәдениет үйін және мешітті көрді. Бұл нысандардың барлығы осы ауылдың тумасы, кәсіпкер Қайрат Кенжебаевтың демеушілігімен салынған.

Жалпы аумағы 400 шаршы метрді құрайтын спорт кешені барлық қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген. Биыл күзде пайдалануға беріледі деп жоспарланған нысанда ауыл жастары қазақ күресімен, футбол, волейбол және баскетболмен тұрақты айналыса алады. Бұл ауыл тұрғындарының салауатты өмір салтын ұстануына және бос уақытын тиімді өткізуіне мүмкіндік береді.
Ал өткен жылы пайдалануға берілген мәдениет үйі ауылдың қоғамдық және рухани өміріне серпін беріп отыр. Заманауи ғимаратта түрлі мәдени іс-шаралар ұйымдастырылып, жастардың шығармашылық бастамаларын жүзеге асыруға жағдай жасалған. Бұдан бөлек, кәсіпкер ауылға балалар ойын алаңы мен футбол алаңын да салып берген. Алдағы уақытта балабақша құрылысын қолға алуды жоспарлап отыр.
Кәсіпкер Қайрат Кенжебаев ауылда соңғы ширек ғасырда спорт нысаны салынбағанын айтып, осы олқылықтың орнын толтыруды мақсат еткенін жеткізді. Оның айтуынша, соңғы бес-алты жыл бойы жыл сайын ауыл игілігі үшін кемінде бір әлеуметтік нысан тұрғызу дәстүрге айналған.

Сапар барысында облыс әкімі ауыл тұрғындарымен кездесіп, өзекті мәселелерін тыңдады. Тұрғындар ауыз су мәселесінің әлі де шешімін күтетінін айтты.
Берік Уәли туған жерін ұмытпай, ауылдың дамуына тұрақты қолдау көрсетіп жүрген Қайрат Кенжебаевтың еңбегін ерекше атап өтті.
– Қайрат Кенжебаев – туған жерге жанашырлықтың жарқын үлгісін көрсетіп жүрген азамат. Жыл сайын ауылына келіп, ел игілігі үшін жаңа нысан салып береді. Мұндай игі іс барлық кәсіпкерлерге өнеге болуы тиіс. Ауылдағы ауыз су мәселесін де назарға аламыз. Ажа ауылының дамуына әкімдік тарапынан қажетті қолдау көрсетіледі, – деді облыс әкімі.
Бүгінде береке-бірлігі жарасқан Ажа ауылы тұрғындарының ортақ мүдде жолындағы ынтымағы мен туған жерге деген жанашырлығы елді мекеннің өркендеуіне тың серпін беріп отыр.



