Басты жаңалық

Аурудың алдын алу – аграрлық қауіпсіздіктің кепілі

Мал шаруашылығы дамыған өңір үшін ветеринариялық қауіпсіздік – тек салалық мәселе емес, азық-түлік қауіпсіздігі мен халық денсаулығына тікелей әсер ететін маңызды бағыт. Абай облысында осы саладағы жұмыстар күшейтіліп, қауіпті аурулардың алдын алу шаралары жүйелі түрде жүргізілуде.

Облыс әкімдігінде өткен кеңесте Ветеринария басқармасының басшысы Ержан Барышев өңірдегі эпизоотиялық ахуал туралы баяндады. Оның айтуынша, бүгінде ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендірудің ақпараттық жүйесінде 2 миллион 482 мыңнан астам мал басы тіркелген. Биылғы жылдың 26 мамырындағы жағдай бойынша 430 мыңнан астам төл есепке алынып, дерекқорға енгізілген.

Өңірде аса қауіпті жұқпалы аурулардың таралуына жол бермеу мақсатында ауқымды профилактикалық жұмыстар атқарылуда. Жыл басынан бері республикалық қордан бөлінген 3,512 миллион доза вакцинаның 3,149 миллион дозасы егілген. Сонымен қатар мамандар 790 мыңнан астам диагностикалық зерттеу жүргізген.

Бруцеллезге қарсы шаралар да нәтижесін беріп отыр. Жыл басынан бері 776 мың 651 бас ауыл шаруашылығы жануары тексеруден өткен. Соның нәтижесінде өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда ауру көрсеткіші төмендеп, облыс аумағында бруцеллез бойынша қолайсыз мәртебеге ие бірде-бір елді мекен тіркелмеген.

Кеңесте ветеринариялық қауіпсіздікті одан әрі нығайту мәселелері жан-жақты талқыланды. Аймақ басшысы жауапты басқармалар мен қала-аудан әкімдеріне вакцинамен қамту жұмыстарын толық орындауды, жануарларды бірдейлендіруді сапалы жүргізуді және ветеринариялық іс-шаралардың тиімділігін арттыруды тапсырды.

Сондай-ақ жабайы жануарлар санын реттеу, елді мекендерде мал жаюды ұйымдастыру, қараусыз жүрген ауыл шаруашылығы жануарларының мәселесін шешу және мал сою пункттерінің тұрақты жұмысын қамтамасыз ету жөнінде нақты міндеттер жүктелді.

Өңірде эпизоотиялық тұрақтылықты сақтау және ветеринариялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да тұрақты бақылауда болады.

Басқа жаңалықтар

Back to top button