Тарихи орынға жаңа тыныс

Семейдегі Бейбітшілік аралы соңғы жылдары қала тұрғындарының ең көп баратын демалыс орындарының біріне айналды. Алайда уақыт өте келе аумақтың инфрақұрылымы тозып, жөндеу мен жаңғырту қажеттілігі туындаған еді. Биыл жүзеге асқан қайта жаңғырту жұмыстары нәтижесінде аралдың келбеті жаңарып, тарихи нысандар ретке келтірілді. Ендігі басты мәселе – жаңарған аумақтың күтімін тұрақты қамтамасыз ету.
Облыс әкімі Берік Уәли Бейбітшілік аралында орналасқан «Өлімнен де күшті» монументі мен оған іргелес аумақта жүргізілген жұмыстардың нәтижесімен танысты. Қайта жаңғырту жұмыстары 15 сәуірде басталып, 1 маусымда толық аяқталды.

Жоба аясында 10 мың шаршы метр аумақтағы тас төсемдері жаңартылып, жаңа тақтатастар төселді. Сонымен қатар «Өлімнен де күшті» монументі мен Бейбітшілік стелласына қалпына келтіру жұмыстары жүргізілді. Автоматты суару жүйесі орнатылып, жарықтандыру желілері жаңартылды. Кіреберіс бөлігі ретке келтіріліп, гүлзарлар егілді.
Мұның барлығы қаланың көркін арттыруға бағытталған жұмыстар болғанымен, қоғамдық кеңістіктерді дамыту тек құрылыс пен жөндеумен шектелмейді. Сарапшылардың айтуынша, мұндай орындардың ұзақ уақыт бойы тартымды болып қалуы тұрақты күтім мен қоғамдық жауапкершілікке байланысты.
Қазіргі уақытта Бейбітшілік аралында Мемлекет басшысының қолдауымен қолға алынған «Абайға құрмет» акциясы аясында Рәміздер алаңының құрылысы жүріп жатыр. Жоспар бойынша жаңа нысан Абайдың туған күні қарсаңында пайдалануға беріледі.
Аймақ басшысы бұл аумақтың тарихи әрі рухани маңызына тоқталып, оны сақтау мен дамытуға ерекше көңіл бөлініп жатқанын атап өтті.

Шынында да, Ертіс өзенінің ортасында орналасқан Бейбітшілік аралы – Семейдің бірегей орындарының бірі. Мұнда тарих та, табиғат та, қоғамдық кеңістік те тоғысқан. Сондықтан жаңғырту жұмыстарының нәтижесін бағалау үшін тек бүгінгі көрініске емес, бірнеше жылдан кейінгі жағдайына да назар аудару қажет.
Өйткені кез келген абаттандыру жобасының шынайы нәтижесі оның қанша қаржыға салынғанымен емес, тұрғындарға қанша жыл қызмет еткенімен өлшенеді.



