Басты жаңалық

Абай облысында гендерлік саясатты дамыту мәселелері талқыланды

Абай облысы әкімдігі жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссияның кезекті отырысында гендерлік саясатты жетілдіру, әйелдердің ғылымдағы әлеуетін арттыру және ана мен бала денсаулығын қорғау мәселелері қаралды.

Комиссия отырысы Абай облысы әкімінің орынбасары Мейірлан Рахановтың төрағалығымен өтті. Жиында қоғамдағы әйелдердің рөлін күшейтуге бағытталған бастамалар, ғылыми-инженерлік саладағы әйелдердің мүмкіндіктерін кеңейту және отбасы институтын қолдау мәселелері жан-жақты талқыланды.

Отырысты ашқан Мейірлан Раханов күн тәртібіндегі мәселелердің маңыздылығына тоқталып, гендерлік саясаттың тиімді жүзеге асырылуы өңірдің әлеуметтік дамуына оң ықпал ететінін атап өтті.

– Бүгінгі комиссия отырысында әйелдердің ғылыми-инженерлік саладағы рөлімен қатар, ана мен бала денсаулығын қорғау мәселесін де талқылаймыз. Бұл бағыттар қоғамның тұрақты дамуы үшін маңызды басымдықтардың бірі, – деді ол.

Жиында академиялық қауымдастық өкілдері мен облыстық Денсаулық сақтау басқармасының мамандары баяндама жасап, өз салаларындағы өзекті мәселелер мен ұсыныстарды ортаға салды.

Shakarim University ғылым жөніндегі проректоры, басқарма мүшесі Жанар Қалибекқызы ғылымдағы әйелдердің үлесін арттыру үшін жүйелі жұмыстарды ерте кезеңнен бастаудың маңызын айтты. Оның пікірінше, болашақ әйел ғалымдарды қалыптастыру мектеп қабырғасынан басталуы тиіс.

– Ғылыми-зерттеу саласында әйелдерге жұмыс істеу оңай емес. Себебі олар кәсіби қызметпен қатар ана ретіндегі міндетін де қатар алып жүреді. Сондықтан ғылымды насихаттауды мектептен бастау керек. Кейін тәжірибелі әйел ғалымдардың тәлімгерлік қызметін дамыту, олардың ғылыми еңбектері мен жетістіктерін кеңінен таныстыру маңызды. Сонымен қатар әйелдердің кәсіби қызметі мен жеке өмірі арасында тепе-теңдік сақталатын қолайлы ғылыми орта қалыптастыру қажет, – деді Жанар Қалибекқызы.

Комиссия отырысында сондай-ақ ана мен бала денсаулығын нығайту, әйелдердің қоғамдық және кәсіби белсенділігін арттыру, гендерлік теңдікті қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстарды жетілдіру мәселелері талқыланды. Қатысушылар өңірде осы бағыттағы бастамаларды жүйелі түрде жалғастырудың маңызын атап өтті.

Басқа жаңалықтар

Back to top button