Басты жаңалық

Жас мамандардың слеті басталды

Экономикалық қауіпсіздікті нығайту, заң үстемдігін қамтамасыз ету және тәжірибе алмасу. Осы мақсаттарды тоғыстырған Қазақстан Республикасы Қаржылық мониторинг агенттігі жас қызметкерлерінің өңірлік слеті бүгін Семей қаласында басталды. Ауқымды жиынға еліміздің алты өңірінен келген жас мамандар қатысуда.

Слеттің ашылу салтанатына Абай облысының әкімі Берік Уәли мен Қазақстан Республикасы Қаржылық мониторинг агенттігі төрағасының орынбасары Жеңіс Елемесов қатысып, жас қызметкерлерге сәттілік тіледі.

Аймақ басшысы бүгінгі буынның кәсібилігі мен жауапкершілігі елдің экономикалық тұрақтылығы мен азаматтардың құқықтарын қорғауда шешуші рөл атқаратынын атап өтті.

– Абай облысы үшін еліміздің әр өңірінен келген жас, білімді, бастамашыл қызметкерлерді қарсы алу – үлкен мәртебе. Сіздер – мемлекеттің экономикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ететін, заң үстемдігін нығайтатын жаңа буын мамандарсыздар. Мемлекет басшысы айқындаған «Заң мен Тәртіп» қағидатын жүзеге асыруда Қаржылық мониторинг агенттігінің атқарып отырған қызметі ерекше маңызға ие. Сіздердің кәсібиліктеріңіз бен адалдықтарыңыз қоғамның мемлекеттік органдарға деген сенімін нығайтуға зор үлес қосады, – деді Берік Уәли.

Облыс әкімінің айтуынша, өңірде құқық қорғау органдарымен өзара іс-қимыл нақты нәтижесін беріп келеді. Соның бірі – облыс әкімдігі мен Абай облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің бірлескен жұмысы. Заңсыз қаражат тартқан құрылыс компанияларына қатысты жүргізілген тергеу барысында үлескерлердің құқықтары қорғалып, келтірілген шығын өтеліп, азаматтар өз баспаналарына қол жеткізді.

Өңірлік слет аясында қатысушылар қаржылық қауіпсіздік, экономикалық құқық бұзушылықтардың алдын алу, кәсіби даму, психологиялық даярлық және тиімді коммуникация бағытында тәжірибе алмасады. Бағдарламаға практикалық сессиялар, тренингтер, сондай-ақ құқық қорғау органдарының басшылары мен сала ардагерлерінің қатысуымен өтетін кездесулер енгізілген.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай кездесулер жас қызметкерлердің кәсіби біліктілігін арттырып қана қоймай, өңірлер арасындағы тәжірибе алмасуды күшейтіп, экономикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытындағы өзара ынтымақтастықты нығайтуға мүмкіндік береді.

Басқа жаңалықтар

Back to top button