Басты жаңалық

Семейдің қоғамдық көлік паркі алғаш рет 15 жаңа электробуспен толықты

Облыс әкімі Берік Уәлидің тапсырмасына сәйкес Семей қаласында қоғамдық көлік жүйесін жаңғырту және тұрғындарға көрсетілетін қызмет сапасын арттыру бағытындағы жұмыстар кезең-кезеңімен жүзеге асырылып келеді. Былтырдан бастап қаладағы жолаушылар тасымалымен айналысатын кәсіпорындар автопарктерін жаңарту жұмыстарын қолға алып, заманауи әрі экологиялық таза қоғамдық көліктерді сатып алу бойынша жүйелі шаралар атқаруда.

Бүгін аймақ басшысы Берік Уәли Семей қаласын жұмыс сапары барысында қоғамдық көлік паркін жаңарту аясында сатып алынған жаңа электробустармен танысты. Облыс әкімі қоғамдық көліктердің техникалық мүмкіндіктерін көріп, жолаушыларға қолайлы жағдай жасауға бағытталған жаңа технологиялардың жұмысымен танысты.

Бұл – Семей қаласының тарихындағы толықтай электр қуатымен жүретін алғашқы қоғамдық автобустар. Электробустардың пайдалануға берілуі қоғамдық көлік саласын жаңғыртудағы маңызды кезеңдердің бірі болып саналады және өңірдегі экологиялық таза көлік түрлерін дамытуға бағытталған жұмыстардың бастамасы болды.

Қоғамдық көлік қызметін көрсететін «Bus Group» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі әлеуметтік маңызы бар №10 және №45 бағыттарға қызмет көрсету үшін «Skywell NJL 6108 BEV» маркалы 15 жаңа электробус сатып алды. Жаңа көліктер тұрғындардың күнделікті қатынасын барынша ыңғайлы әрі қауіпсіз етуге арналған және халықаралық талаптарға сай заманауи жабдықтармен қамтылған.

Әрбір электробус бір мезетте 90 жолаушыны тасымалдауға арналған. Жолаушылардың жайлылығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында автобустар соңғы үлгідегі техникалық шешімдермен жабдықталған. Көліктерде 350 шақырымға дейін тоқтаусыз жүруге мүмкіндік беретін қуатты электр қозғалтқышы орнатылған. Бұл күнделікті қалалық бағыттарда тұрақты қызмет көрсетуге толық мүмкіндік береді.

Сонымен қатар ерекше қажеттілігі бар азаматтардың қоғамдық көлікті кедергісіз пайдалануына барлық жағдай қарастырылған. Электробустарда механикалық пандус орнатылып, мүмкіндігі шектеулі жандардың, қарттардың және балалар арбасымен жүретін ата-аналардың автобусқа емін-еркін кіріп-шығуына мүмкіндік жасалған. Бұл инклюзивті орта қалыптастыру бағытындағы маңызды қадамдардың бірі.

Жаңа автобустардың салонында 26 жолаушыға арналған жұмсақ қаптамалы орындықтар қойылған. Кең әрі жарық салон жолаушылардың ұзақ уақыт бойы жайлы қатынауына мүмкіндік береді. Автобустардың ішкі кеңістігі жолаушылар ағынын тиімді ұйымдастыруға бейімделген.

Жылдың барлық мезгілінде қолайлы температураны сақтау үшін көліктер қуатты климаттық жабдықтармен қамтамасыз етілген. Атап айтқанда, салқындату өнімділігі 30 000 kcal/h болатын кондиционер жүйесі және жеті жылыту радиаторы орнатылған. Оның ішінде жүргізушіге арналған жеке жылыту жүйесі қарастырылған. Бұл қыс мезгілінде де, жаздың аптап ыстығында да жайлы жағдай жасауға мүмкіндік береді.

Заманауи талаптарға сәйкес жолаушылардың мобильді құрылғыларын қуаттауы үшін автобус ішіндегі тұтқаларға USB порттары орнатылған. Мұндай шешім қоғамдық көлікті пайдаланушылардың күнделікті қажеттіліктерін ескеруге бағытталған.

Электробустарда қауіпсіздік мәселесіне ерекше көңіл бөлінген. Автобустардың ішкі және сыртқы бөліктеріне интеллектуалды алты бейнебақылау камерасы орнатылған. Бейнебақылау жүйесі жол қозғалысы кезінде қауіпсіздікті қамтамасыз етуге, түрлі құқық бұзушылықтардың алдын алуға және төтенше жағдайларда қажетті ақпаратты жедел алуға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар батарея бөлімінде және жылыту жүйесінде орталықтандырылған автоматты өрт сөндіру жүйесі қарастырылған. Әрбір электробус екі өрт сөндіргішпен жабдықталған. Жүргізуші кабинасы жартылай жабық типте жасалып, жүргізушінің қауіпсіз әрі жайлы жұмыс істеуіне жағдай жасалған.

«Bus Group» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі алдағы уақытта автопаркті одан әрі жаңартуды жоспарлап отыр. Компания жақын уақытта осындай тағы бес электробус сатып алуды көздеп отыр. Бұл қоғамдық көліктің экологиялық таза түрлерінің үлесін біртіндеп арттыруға мүмкіндік береді.

Жаңа электробустарды көрген облыс әкімі Семей қаласының қоғамдық көлік жүйесін жаңғырту жұмыстары алдағы уақытта да жалғасатынын айтты. Оның айтуынша, тұрғындарға сапалы әрі қауіпсіз қызмет көрсету – жергілікті атқарушы органдардың негізгі міндеттерінің бірі.

«Мұндай заманауи, толық электр қуатымен жүретін жаңа автобустар қалада бұрын-соңды болмаған. Бұл – өңірдегі алғашқы электробустар. 100 пайыз электр қуатымен жүреді. Жыл соңына дейін қосымша 50-ге жуық автобус сатып алу жоспарланып отыр. Осылайша Семейдің қоғамдық көлік паркі 100-ден астам жаңа автобуспен толығады. Бұған дейін жаңа автобус алмаған көлік парктері биылдан бастап осы жұмысты қолға алып жатыр. Бұл бағыттағы жұмысты жалғастыра береміз. Жаңа автобустар құтты болсын. Ең бастысы – тұрғындарға сапалы қызмет көрсетіп, бағыттар арасындағы қозғалыс кестесін қатаң сақтаңыздар», – деді Берік Уәли.

Аймақ басшысы қоғамдық көлік жүйесін жаңғырту тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға, жолаушылар тасымалының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және қаладағы көлік қатынасының тиімділігін арттыруға бағытталғанын атап өтті. Сонымен қатар экологиялық таза көлік түрлерін енгізу қоршаған ортаға түсетін жүктемені азайтып, қаланың экологиялық жағдайын жақсартуға мүмкіндік беретінін жеткізді.

Қазіргі таңда Семей қаласында қоғамдық көлік жүйесін жаңарту бағытындағы жұмыстар кезең-кезеңімен жүзеге асырылып келеді. Былтыр осы мақсатта 62 жаңа автобус сатып алынып, олар қаланың түрлі бағыттарына шығарылған болатын. Биыл басталған электробустарды сатып алу жұмыстары қоғамдық көлік саласын жаңғыртудың жаңа кезеңіне жол ашып отыр.

Алдағы уақытта жаңа автобустардың санын кезең-кезеңімен көбейту, бағыттардың тиімділігін арттыру, қозғалыс кестесін жетілдіру және тұрғындарға көрсетілетін қызмет сапасын одан әрі жақсарту жұмыстары жалғасады. Бұл шаралар Семей қаласының жол-көлік инфрақұрылымын дамытуға, қоғамдық көліктің қолжетімділігі мен қауіпсіздігін арттыруға және қала тұрғындарының өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған.

Басқа жаңалықтар

Back to top button