Жергілікті БАҚ өкілдері баспаналы болды

Бүгін бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне орай Абай облысында салтанатты іс-шара өтіп, өңір журналистерінің еңбегі жоғары бағаланды. Мерекелік жиын барысында бұқаралық ақпарат құралдарының дамуына елеулі үлес қосып жүрген бірқатар журналист мемлекеттік және ведомстволық наградалармен марапатталды. Сонымен қатар Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес алғаш рет өңірлік БАҚ өкілдеріне жаңа пәтердің кілті табысталды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерін марапаттау рәсімінде журналистердің әлеуметтік жағдайын жақсарту мәселесіне ерекше тоқталып, бұған дейін тек республикалық деңгейде жүзеге асырылып келген тұрғын үймен қамтамасыз ету бастамасын өңірлік журналистерге де кеңейту қажеттігін атап өткен болатын.
«Әсіресе, сапалы хабар таратып, қажырлы қызмет етіп жүрген аймақ тілшілерінің еңбегін елеусіз қалдыруға болмайды деп санаймын. Сондықтан менің тапсырмаммен осы жылы алғаш рет облыстарда жұмыс істейтін журналистерге де пәтер кілті табысталады», – деген еді Мемлекет басшысы.
Президенттің бұл тапсырмасы Абай облысында нақты іске асырылды. Кәсіби мерекеге арналған салтанатты шара барысында облыс әкімі Берік Уәли өңірдегі бұқаралық ақпарат құралдары саласында ұзақ жылдар бойы жемісті еңбек етіп келе жатқан екі журналистке жаңа баспананың кілтін табыстады.
Жаңа пәтердің кілті «Қазақстан» республикалық телерадиокорпорациясы» АҚ Абай облыстық филиалы жаңалықтар бөлімінің редакторы Ерзат Жанатұлы мен «Абай облысының өңірлік коммуникациялар қызметі» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің директоры Жадыра Мұратбековаға берілді.

Екі журналист те ақпарат саласында көптеген жылдар бойы еңбек етіп, өңірдің қоғамдық-саяси өмірін, әлеуметтік-экономикалық дамуын, мәдени және рухани жаңалықтарын халыққа жан-жақты жеткізіп келеді.
Ерзат Жанатұлы журналистика саласындағы еңбек жолын 2010 жылы бастаған. Осы уақыт аралығында ол жергілікті «ТВК-6» телеарнасында, облыстық «Семей таңы» газетінде, республикалық 31 арнаның «Информбюро» жаңалықтар қызметінде жұмыс істеп, кәсіби тәжірибе жинақтады. Қазіргі таңда «Semei» телеарнасында редактор ретінде қызмет атқарып, облыстың маңызды оқиғаларын көрерменге жедел әрі сапалы жеткізу бағытында еңбек етуде.
Жадыра Мұратбекова да журналистика саласында мол тәжірибесі бар мамандардың бірі. Әр жылдары «ТВК-6» телеарнасында және республикалық «Astana aqshamy» газетінде еңбек етіп, түрлі қоғамдық маңызы бар тақырыптарды көтерді. 2023 жылдан бастап Абай облысының Өңірлік коммуникациялар қызметінде жұмыс істейді. Ал 2024 жылдың мамыр айынан бастап аталған мекеменің директоры қызметін атқарып келеді. Оның жетекшілігімен мемлекеттік органдар мен бұқаралық ақпарат құралдары арасындағы ақпараттық өзара іс-қимылды жетілдіру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде.
Салтанатты рәсімде сөз сөйлеген облыс әкімі Берік Уәли Мемлекет басшысының өңір журналистеріне көрсетіп отырған қолдауының ерекше маңызға ие екенін атап өтті. Оның айтуынша, ақпарат саласының қызметкерлері қоғам мен мемлекет арасындағы сенімді байланысты нығайтуда, ел өміріндегі маңызды оқиғаларды халыққа жеткізуде және қоғамдық пікір қалыптастыруда ерекше рөл атқарады.

Аймақ басшысы журналистердің кәсіби шеберлігі, жауапкершілігі мен адал еңбегі қоғамдағы тұрақтылықты нығайтуға, халық пен билік арасындағы ашық диалогты дамытуға ықпал ететінін атап өтті. Сонымен қатар журналистердің әлеуметтік жағдайын жақсарту олардың кәсіби қызметін одан әрі тиімді атқаруына мүмкіндік беретін маңызды қолдау шараларының бірі екенін жеткізді.
«Құрметті журналистер! Сіздер қоғамның шынайы келбетін көрсетіп қана қоймай, ұлттың рухани дамуына, жас ұрпақтың дүниетанымының қалыптасуына, өңіріміздің өркендеуіне өлшеусіз үлес қосып келесіздер. Елдің қуанышы мен қиыншылығын қатар бөлісіп, уақыт шежіресін жазып жүрген еңбектеріңіз қашанда жоғары марапатқа лайық. Алаш ардақтысы Міржақып Дулатовтың «Қай елдің баспасөзі мықты болса, сол елдің болашағы да мықты» деген қанатты сөзі бар. Қаламдарыңыз ұштала берсін, шығармашылық шабыттарыңыз толастамасын. Әрбір жариялаған ақпараттарыңыз ел бірлігі мен мемлекетіміздің өсіп-өркендеуіне қызмет етсін. Кәсіби мерекелеріңіз құтты болсын!», – деді Берік Уәли.
Салтанатты шара барысында облыс әкімі бұқаралық ақпарат құралдарының дамуына елеулі үлес қосқан бірқатар журналистерді мемлекеттік және салалық наградалармен марапаттады.
Аймақ басшысы кәсіби мереке қарсаңында Мемлекет басшысының қолынан «Құрмет» орденін алған «Абай» республикалық әдеби-көркем журналының директоры Райхан Шарапиеваны арнайы құттықтап, оның қазақ әдебиеті мен журналистикасының дамуына қосқан еңбегін ерекше атап өтті.
Марапаттау рәсімі аясында «Ерен еңбегі үшін» медалі «ISLAM NURY» газетінің бас редакторы Дәулетқан Тілеубердиевке және «ABAY MEDIA GROUP» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің оператор-фотографы Анатолий Терновқа табысталды.
Журналистика саласының ардагері Дәметкен Байуақова Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің «Еңбек ардагері» төсбелгісімен марапатталды.

Сонымен қатар «Қазақстан» республикалық телерадиокорпорациясы» АҚ Абай облыстық филиалының дыбыс режиссері-әрлеушісі Ильмира Бекмұхаметова, Үржар аудандық «Уақыт тынысы» («Пульс времени») және «Мақаншы айнасы» газеттерінің директор-редакторы Зухра Бейсенбек, сондай-ақ «Семей таңы» газетінің тілшісі Әйгерім Сәрсенқалиқызы Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің «Ақпарат саласының үздігі» төсбелгісімен марапатталды.
Бұдан бөлек, өңірдегі бұқаралық ақпарат құралдарында ұзақ жылдар бойы жемісті еңбек етіп келе жатқан бірқатар журналист Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің Құрмет грамотасы мен Алғыс хатына ие болды. Бұл марапаттар олардың кәсіби шеберлігіне, елдің ақпараттық кеңістігін дамытуға және қоғамды сапалы ақпаратпен қамтамасыз етуге қосқан үлесінің жоғары бағаланғанының айқын көрінісі болды.
Салтанатты жиын мереке иелеріне деген құрметтің жарқын көрінісіне айналып, журналистердің қоғамдағы орны мен жауапкершілігінің ерекше екенін тағы бір мәрте айқындады. Мемлекет тарапынан көрсетіліп отырған қолдау шаралары ақпарат саласының одан әрі дамуына, кәсіби журналистиканың беделін арттыруға және өңірлік бұқаралық ақпарат құралдарының әлеуетін күшейтуге жаңа серпін береді.



