Премьер-министрдің орынбасары Серік Жұманғарин ет комбинатының құрылысымен танысты

Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин жұмыс сапарымен Абай облысына келді. Сапар барысында Үкімет басшысының орынбасары облыс әкімі Берік Уәлимен бірге Жаңасемей ауданының Достық ауылдық округінде орналасқан «Eurasia Agro Semey» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің базасында салынып жатқан заманауи ет өңдеу комбинатының құрылыс алаңында болып, жобаның іске асырылу барысымен жан-жақты танысты.
Жұмыс сапарының негізгі мақсаты – өңірде жүзеге асырылып жатқан ірі инвестициялық жобалардың орындалу барысын бақылау, агроөнеркәсіптік кешенді дамытуға бағытталған жұмыстардың тиімділігін бағалау және мемлекеттік қолдау шараларының нәтижелерімен танысу болды.
Құрылыс алаңында Серік Жұманғаринге кәсіпорынның техникалық сипаттамалары, құрылыс жұмыстарының қазіргі кезеңі, өндірістік қуаттылығы, болашақтағы жұмыс жүйесі мен инвестициялық жоспарлары жөнінде толық ақпарат берілді. Сонымен қатар жобаны іске асыру барысында қолданылып жатқан заманауи технологиялар, өндірістік процестерді автоматтандыру деңгейі және экологиялық талаптардың сақталуы туралы баяндалды.
«Eurasia Agro Semey» ЖШС жүзеге асырып жатқан жоба өңірдегі агроөнеркәсіптік кешенді дамытудағы ең ірі инвестициялық бастамалардың бірі саналады. Кәсіпорынның негізгі бағыты – ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу, ет өнімдерін қайта өңдеу, консервілеу және экспортқа бағытталған дайын азық-түлік өнімдерін шығару.
Жоба толық іске қосылғаннан кейін кәсіпорын тәулігіне жоғары өндірістік қуатпен жұмыс істейтін болады. Заманауи өндірістік желілердің арқасында бір ауысымда 100 бас ірі қара мен 1000 бас ұсақ мал союға мүмкіндік жасалады. Сонымен қатар тәулігіне 3 тоннаға дейін шұжық өнімдері мен 5 тонна ет консервілері өндірілмек. Жалпы кәсіпорынның жылдық өндірістік қуаттылығы 11 400 тонна дайын өнімді құрайды.
Мұнда өндірістің барлық кезеңі халықаралық талаптарға сәйкес ұйымдастырылады. Мал қабылдаудан бастап дайын өнімді қаптау мен сақтауға дейінгі барлық технологиялық процесс автоматтандырылып, өнімнің қауіпсіздігі мен сапасына ерекше көңіл бөлінеді. Кәсіпорын ішкі нарықты сапалы өніммен қамтамасыз етумен қатар экспорттық бағытты да дамытуға мүмкіндік береді.
Жобаның жалпы инвестициялық құны 7,7 миллиард теңгені құрайды. Құрылыс жұмыстары өткен жылы басталған. Бүгінде құрылыс алаңында барлық негізгі жұмыстар жоспарға сәйкес қарқынды жүргізілуде. Нысанды ағымдағы жылдың қыркүйек айында пайдалануға беру жоспарланған.
Қазіргі таңда құрылыс жұмыстарына 130 жұмысшы мен 20-дан астам арнайы техника жұмылдырылған. Әкімшілік-тұрмыстық корпус, негізгі өндірістік цех, қазандық және инженерлік инфрақұрылым нысандарында құрылыс-монтаж жұмыстары белсенді жүргізілуде. Сонымен қатар ішкі инженерлік желілерді тарту, өндірістік жабдықтарды орналастыруға дайындық және аумақты абаттандыру жұмыстары қатар атқарылып жатыр.
Кәсіпорын толық іске қосылғаннан кейін 250 жаңа тұрақты жұмыс орны ашылады. Бұл өңір тұрғындарын жұмыспен қамтуға, ауылдық жерлердегі халықтың табысын арттыруға және жергілікті экономиканың дамуына елеулі серпін береді.
Ет комбинатының директоры Қанат Қалиев құрылыс барысы жөнінде баяндап, жобаның белгіленген кестеге сәйкес жүзеге асырылып жатқанын айтты.
«Қазіргі уақытта құрылыс жұмыстарының шамамен 75 пайызы аяқталды. Барлық құрылыс процесі жоспарланған мерзімге сәйкес жүргізіліп жатыр. Осы аптадан бастап негізгі өндірістік жабдықтарды орнату кезеңі басталады. Бас жоспарға сәйкес кәсіпорын аумағында қызметкерлер мен жүк көліктеріне арналған автотұрақ салынады. Болашақ өндіріс процесіне дайындық жұмыстары да қатар жүргізілуде. Былтырдан бері өңірдегі бірқатар мал бордақылау алаңдарының иелерімен ұзақ мерзімді келісімшарттар жасалып, шикізатпен тұрақты қамтамасыз ету мәселесі шешілуде. Бұл кәсіпорын іске қосылғаннан кейін өндірістің үздіксіз жұмыс істеуіне мүмкіндік береді», – деді Қанат Қалиев.
Құрылыс алаңын аралап көрген Премьер-министрдің орынбасары Серік Жұманғарин мұндай кәсіпорындардың еліміздің агроөнеркәсіптік кешенін дамытудағы маңызы ерекше екенін атап өтті.
Оның айтуынша, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу үлесін арттыру, экспортқа бағытталған өндірістерді көбейту және ауылдық жерлерде тұрақты жұмыс орындарын ашу – Үкімет жұмысының басым бағыттарының бірі.
Серік Жұманғариннің айтуынша, дәл осындай заманауи кәсіпорындар өңірлердің экономикалық әлеуетін арттыруға, ауыл шаруашылығы өнімдерінің қосылған құнын көбейтуге, ішкі нарықты сапалы өніммен қамтамасыз етуге және халықаралық нарықтарға шығатын экспорттық мүмкіндіктерді кеңейтуге жол ашады.
Облыс әкімі Берік Уәли де бұл жобаның өңір үшін стратегиялық маңызы зор екенін атап өтті. Оның айтуынша, соңғы жылдары Абай облысында ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу саласын дамытуға ерекше көңіл бөлініп келеді. Осы бағыттағы инвестициялық жобалардың іске асырылуы агроөнеркәсіптік кешеннің дамуына жаңа серпін беріп, ауыл тұрғындарының әл-ауқатын арттыруға ықпал етеді.
Аймақ басшысы мұндай өндіріс орындарының ашылуы өңірдің экспорттық әлеуетін күшейтіп қана қоймай, жергілікті шаруашылықтардың өнім өткізу мүмкіндігін кеңейтіп, мал шаруашылығын одан әрі дамытуға мүмкіндік беретінін айтты.
Жұмыс сапары барысында тараптар құрылыс жұмыстарының сапасын қамтамасыз ету, жобаны белгіленген мерзімде аяқтау, қажетті инженерлік инфрақұрылымды толық іске қосу және өндірісті уақытылы пайдалануға беру мәселелерін талқылады.
Айта кетейік, бұл жоба Абай облысында жүзеге асырылып жатқан ең ірі инвестициялық бастамалардың бірі болып табылады және өңірдің агроөнеркәсіптік кешенін дамыту, ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу көлемін ұлғайту, экспорттық әлеуетті арттыру және жаңа жұмыс орындарын құру бағытындағы маңызды жобалардың қатарында саналады.



