Қайта жаңғыртылған екі теміржол вокзалы елімізде алғаш рет Абай облысында пайдалануға берілді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес еліміздің көлік инфрақұрылымын жаңғыртуға бағытталған ауқымды жұмыстар кезең-кезеңімен жүзеге асырылып келеді. Соның маңызды бағыттарының бірі – «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының вокзал инфрақұрылымын жаңғырту бағдарламасы. Бағдарлама аясында республика бойынша жалпы саны 124 теміржол вокзалын жаңғырту жоспарланған. Бұл бастама жолаушыларға көрсетілетін қызмет сапасын арттыруға, көлік нысандарының қауіпсіздігін күшейтуге, мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін қолжетімді орта қалыптастыруға және өңірлердегі көлік-логистикалық әлеуетті дамытуға бағытталған.
Осы бағдарламаның аясында бүгін Абай облысы республика бойынша алғаш болып қайта жаңғыртылған екі теміржол вокзалын пайдалануға берді. Бородулиха ауданындағы Ауыл және Белағаш станцияларында орналасқан вокзалдардың салтанатты ашылу рәсіміне облыс әкімі Берік Уәли, Қазақстан Республикасы Көлік вице-министрі Жәнібек Тайжанов, «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы акционерлік қоғамының құрылыс жөніндегі басқарушы директоры Марат Исқалиев, сала ардагерлері, теміржолшылар, жергілікті тұрғындар мен қоғам өкілдері қатысты.
Салтанатты шара барысында бұл жобаның тек құрылыс немесе жөндеу жұмыстары ғана емес, халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған маңызды әлеуметтік бастама екені атап өтілді. Теміржол вокзалдары – көптеген ауылдар үшін негізгі көлік қақпасы. Сондықтан олардың заман талабына сай болуы тұрғындардың күнделікті өміріне, қауіпсіздігіне және жайлылығына тікелей әсер етеді.
Ауыл станциясы – өңірдегі маңызды теміржол тораптарының бірі. Мұнда 600-ден астам адам тұрады. Вокзал ғимараты алғаш рет 1929 жылы пайдалануға берілген және соңғы күрделі жөндеу жұмыстары 2011 жылы жүргізілген болатын. Станция арқылы халықаралық бағыттағы «Новосибирск – Алматы» жолаушылар пойызы қатынайды. Бұл бағыт Қазақстан мен Ресей арасындағы жолаушылар тасымалында ерекше маңызға ие.
Ал Белағаш ауылында 900-ден астам тұрғын өмір сүреді. Мұндағы вокзал ғимараты 1914 жылы салынған тарихи нысандардың бірі саналады. Ғимарат соңғы рет 2013 жылы күрделі жөндеуден өткен еді. Ұзақ жылдар бойы пайдаланылғандықтан, екі вокзалды да толық жаңғырту қажеттілігі туындаған болатын.
Жаңғырту барысында екі нысанда кешенді құрылыс жұмыстары атқарылды. Ауыл станциясындағы вокзалдың жалпы аумағы 240,9 шаршы метрден 272,89 шаршы метрге дейін ұлғайтылды. Ал Белағаш вокзалының ауданы 208 шаршы метрден 264,55 шаршы метрге дейін кеңейтілді. Ғимараттардың сәулеттік келбеті толық жаңартылып, қазіргі заманғы талаптарға сәйкес қайта жасақталды.
Құрылыс барысында шатыр толық ауыстырылып, сыртқы және ішкі әрлеу жұмыстары жүргізілді. Инженерлік инфрақұрылым түгелдей жаңартылып, су құбыры, кәріз жүйесі, жылумен қамту, электрмен жабдықтау, желдету және кондиционерлеу жүйелері жаңадан орнатылды. Сонымен қатар перрондар қайта жөнделіп, жолаушылардың қауіпсіз әрі жайлы қозғалысына мүмкіндік беретін жаңа жабындар төселді. Вокзалдардың айналасы абаттандырылып, көгалдандыру жұмыстары жүргізілді.
Ғимараттардың ішкі кеңістігі де толық жаңартылды. Кең әрі жарық күту залдары жабдықталып, жаңа орындықтар, ақпараттық стендтер мен қажетті техникалық құралдар орнатылды. Билет кассаларының жұмысы ыңғайландырылып, жолаушыларға қызмет көрсету сапасын арттыруға ерекше көңіл бөлінді.
Жаңғырту барысында халықтың барлық санатына қолайлы орта қалыптастыру негізгі басымдықтардың бірі болды. Осыған байланысты мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін пандустар, тактильді бағыттаушы жолақтар, арнайы санитарлық тораптар жасалды. Сонымен бірге ана мен бала бөлмелері жабдықталып, егде жастағы адамдардың емін-еркін қозғалуына барлық жағдай қарастырылды. Бұл өз кезегінде вокзалдардың инклюзивті әрі қолжетімді қоғамдық кеңістікке айналуына мүмкіндік береді.
Салтанатты рәсімде сөз сөйлеген облыс әкімі Берік Уәли еліміздегі көлік инфрақұрылымын жаңғырту Мемлекет басшысының ерекше бақылауындағы маңызды бағыттардың бірі екенін атап өтті.
«Мемлекет басшысы еліміздің көлік-логистика әлеуетін арттыру, теміржол инфрақұрылымын жаңғырту және халыққа көрсетілетін қызмет сапасын жақсарту жөнінде нақты міндеттер жүктеген болатын. Осы тапсырмаларды жүзеге асыру аясында Абай облысында 10 теміржол вокзалын реконструкциялау қолға алынды. Бүгін міне, екі бірдей темір жол вокзалын қайта жаңғыртып, ел игілігіне беріп отырмыз. Жарма, Үшбиік, Ақтоғай, Дегелең, Жалаңашкөл, Шар вокзалдарын қыркүйек айына дейін кестеге сай аяқтауды жоспарлап отырмыз. Семей мен Аягөз қаласындағы вокзалдар жылдың соңына дейін пайдалануға беріледі. Бұл жұмыстардың басты мақсаты – тұрғындар мен жолаушылар үшін қолайлы жағдай қалыптастыру, қауіпсіздік талаптарын күшейту және теміржол қызметінің сапасын жаңа деңгейге көтеру. Жаңартылған вокзалдар ауыл тұрғындары мен өңір қонақтарына сапалы қызмет көрсетіп, халық игілігіне айналады деп сенемін. Осы игі іске атсалысып, қолдау көрсеткен азаматтарға алғысымды білдіремін», – деді Берік Уәли.
Қазақстан Республикасы Көлік вице-министрі Жәнібек Тайжанов өз сөзінде республика көлемінде жүзеге асырылып жатқан вокзалдарды жаңғырту жұмыстарының ауқымына тоқталып, алғашқы нәтижелердің дәл Абай облысында көрініс тапқанын ерекше атап өтті.
«Мемлекет басшысының тапсырмасымен елімізде 2025 жылы басталған, Тәуелсіздік жылдарындағы ең ірі 124 теміржол вокзалын жаңғырту бағдарламасы жүзеге асырылуда. Ауқымды жоба еліміздің көлік инфрақұрылымын кешенді жаңартуға, жолаушыларға қызмет көрсету сапасын арттыруға және саяхат үшін заманауи, жайлы әрі қауіпсіз жағдайлар жасауға бағытталған. Бүгінгі күні алғашқы нәтижелердің дәл осы Абай облысында жүзеге асуы – атқарылып жатқан жұмыстың тиімділігінің айқын дәлелі», – деді вице-министр.
Өз кезегінде «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының өкілдері реконструкция барысында халықаралық стандарттарға сәйкес құрылыс материалдары пайдаланылғанын, барлық инженерлік жүйелердің сенімділігіне ерекше назар аударылғанын жеткізді. Сонымен қатар жаңартылған вокзалдар ұзақ жылдар бойы тұрғындарға сапалы қызмет көрсететінін атап өтті.
Бүгінде Абай облысында аталған бағдарлама шеңберінде тағы сегіз теміржол вокзалында құрылыс жұмыстары жалғасып жатыр. Атап айтқанда, Семей, Аягөз, Шар, Ақтоғай, Жалаңашкөл, Дегелең, Үшбиік және Жарма станцияларындағы вокзалдар кезең-кезеңімен жаңартылуда. Құрылыс-монтаж жұмыстары белгіленген кестеге сәйкес жүргізіліп, әрбір кезең облыс әкімдігі мен жауапты мемлекеттік органдардың тұрақты бақылауында тұр.
Алдағы уақытта барлық нысандар толық пайдалануға берілгеннен кейін өңірдегі теміржол инфрақұрылымы жаңа сапалық деңгейге көтеріліп, жолаушылар үшін қауіпсіз әрі жайлы қызмет көрсету мүмкіндігі айтарлықтай артады. Бұл жобалар ішкі және халықаралық бағыттағы тасымалдардың сапасын жақсартып қана қоймай, ауылдық елді мекендердің әлеуметтік-экономикалық дамуына, туризм мен кәсіпкерліктің жандануына, халықтың өмір сүру сапасының артуына оң ықпал етпек.



