Басты жаңалық
Президенттер қасиетті кешенде бас қосты

Қасым-Жомарт Тоқаевтың Өзбекстанға жұмыс сапары Бұхарадағы Бахауддин Нақышбанди кесенесіне зиярат етуден басталды.
Мемлекет басшылары мемориалдық кешенді аралап, оның құрамындағы медресе, екі мешіт пен мұнарамен танысты. Қасиетті орында Құран оқылып, бауырлас халықтарға бейбіт өмір мен бақ-береке тілеп, дұға жасалды.
Сапар барысында Қасым-Жомарт Тоқаев пен Шавкат Мирзиёев кешенге келген жұртпен жылы жүздесіп, естелік суретке түсті.
Сондай-ақ президенттер ескерткіш жанындағы музейді көріп, онда сақталған XIX ғасырдағы Құран қолжазбасымен, тарихи құжаттармен және басқа да құнды жәдігерлермен танысты.
Бұл сапар екі ел арасындағы рухани және мәдени байланыстың маңызын тағы бір мәрте айқындай түсті.



