Көкпекті ауданында жол бойы сервистік және туристік жобалар таныстырылды

Көкпекті ауданына жұмыс сапары барысында Абай облысының әкімі Берік Уәли республикалық маңызы бар «Омбы – Майқапшағай» халықаралық автожолы бойында жүзеге асырылатын жол бойы сервистік және туристік инфрақұрылым жобаларымен танысты. Аймақ басшысы инвестициялық жобалардың өңірдің туристік әлеуетін арттыруға, кәсіпкерлікті дамытуға және халықаралық көлік дәлізі бойындағы қызмет көрсету сапасын жақсартуға қосатын үлесіне ерекше тоқталды.
Алдымен облыс әкімі жалпы аумағы 2 гектарды құрайтын кемпинг пен жанармай құю станциясының жобасын көрді. Заманауи талаптарға сай әрі ұлттық нақышта бой көтеретін кешен алыс жолға шығатын жүргізушілер мен туристерге жан-жақты қызмет көрсететін заманауи сервистік орталыққа айналады.
Жоба аясында 20 орындық қонақүй, жайлы дәмхана, балалар ойын алаңы, ана мен бала бөлмесі, автокөлік жүргізушілеріне арналған демалыс орындары және қажетті инженерлік инфрақұрылым қарастырылған. Жобаның жалпы инвестициялық құны 900 миллион теңгені құрайды. Құрылыс жұмыстарын жыл соңына дейін аяқтап, нысанды пайдалануға беру жоспарланып отыр.
Сапар барысында аймақ басшысына осы халықаралық автожол бойында іске асырылатын тағы бір ірі инвестициялық жоба – «Ұлы дала тұрағы» кешенінің тұжырымдамасы таныстырылды.
Жалпы аумағы 2069 шаршы метрді құрайтын бұл заманауи жол бойы қызмет көрсету кешенінде қонақүй, маркет, қоғамдық тамақтану орны, жанармай құю станциясы, электр көліктеріне арналған қуаттау бекеті және газ құю станциясы салынады. Жоба халықаралық көлік дәлізі бойымен қатынайтын жолаушылар мен жүк тасымалдаушыларға кешенді қызмет көрсетуге бағытталған.
Инвестициялық жобаның жалпы құны шамамен 2 миллиард теңгені құрайды. Құрылыс жұмыстарын биыл бастау, ал нысанды келесі жылы толық пайдалануға беру жоспарланған.
Жобалармен танысқан облыс әкімі Берік Уәли халықаралық маңызы бар автомобиль жолдарының бойындағы сервистік инфрақұрылымды дамыту өңір экономикасы үшін стратегиялық маңызды екенін атап өтті.
«Бұл екі жоба да республикалық маңызы бар халықаралық көлік дәлізінің бойында, көлік қозғалысы өте қарқынды учаскеде орналасқан. Сондықтан мұндай нысандар жолаушылар мен жүргізушілер үшін аса қажет. Жол бойындағы сервистің сапасын арттыру арқылы біз тек тұрғындар мен қонақтарға қолайлы жағдай жасап қана қоймаймыз. Сонымен қатар аудан экономикасының дамуына, жаңа жұмыс орындарының ашылуына, кәсіпкерліктің өркендеуіне және өңірдің туристік тартымдылығының артуына мүмкіндік жасаймыз. Облысқа инвестиция салуға ниетті әрбір кәсіпкерге жергілікті және облыстық атқарушы органдар тарапынан жан-жақты қолдау көрсетіледі. Барлық бастамаларыңызға табыс тілеймін», – деді Берік Уәли.
Аймақ басшысы жол бойындағы қызмет көрсету сапасын халықаралық стандарттарға сәйкестендірудің маңызын ерекше атап өтіп, мұндай жобалардың ішкі және сыртқы туризмді дамытуға, көлік логистикасын жетілдіруге және өңірдің инвестициялық тартымдылығын арттыруға оң ықпал ететінін айтты.
Жалпы, Көкпекті ауданында жүзеге асырылатын бұл инвестициялық жобалар халықаралық «Омбы – Майқапшағай» автокөлік дәлізі бойындағы сервистік инфрақұрылымды жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік береді. Заманауи кемпингтер мен қызмет көрсету кешендерінің салынуы саяхатшыларға қолайлы жағдай жасап қана қоймай, шағын және орта бизнестің дамуына, жаңа жұмыс орындарының құрылуына және ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына тың серпін береді.



