Ақсуат ауданының Ойшілік ауылында заманауи спорт кешені ашылды

Бүгін Ақсуат ауданының Ойшілік ауылында заманауи спорт кешені пайдалануға берілді. Жаңа нысанның ашылу салтанатына облыс әкімі Берік Уәли, жергілікті тұрғындар, ардагерлер, спортшылар мен жастар қатысты.
Спорт кешенінің жалпы аумағы 1200 шаршы метрді құрайды. Мұнда әмбебап спорт залы, жаттығу залы, күрес залы, медициналық кабинет, әкімшілік және тұрмыстық бөлмелер қарастырылған. Нысан волейбол, баскетбол, шағын футбол, фитнес және күрес секілді спорт түрлерімен тұрақты түрде айналысуға толық мүмкіндік береді. Бір уақытта 46 адамға дейін қабылдай алатын кешен ауыл жастары үшін қолайлы спорттық орта қалыптастырады.
Жаңа ғимараттың ашылу рәсімінде құттықтау сөз сөйлеген аймақ басшысы нысанның ауыл тұрғындары үшін маңызын атап өтіп, оның бұқаралық спортты дамытуға және салауатты өмір салтын насихаттауға ықпал ететінін айтты.
«Баршаңызды жаңа спорт кешенінің ашылуымен шын жүректен құттықтаймын! Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев: «Бұқаралық спортты дамыту – пирамидаға айналуы қажет. Оның басына чемпиондар шықса, оның негізінде біз сау әрі саналы ұрпақты, мықты ұлтты қалыптастырамыз», – деп атап өткен болатын. Бүгінгі пайдалануға беріліп отырған спорт кешені – осы мемлекеттік саясаттың өңірімізде жүйелі жүзеге асып жатқандығының айқын дәлелі. Қазіргі таңда Ақсуат ауданында бірқатар нысандар салынуда. Қысқа мерзім ішінде, бір жыл бұрын уәде етілген нысандардың барлығы ашылып жатыр. Биыл Ақсуат ауданында қатарынан екі спорт нысаны ел игілігіне берілді. Оның алғашқысы осы жылдың ақпан айында Екпін ауылында пайдалануға берілсе, бүгін міне, Ойшілік ауылында заманауи дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің ашылуына куә болып отырмыз. Бұл кешен Ойшілік ауылының және жақын маңдағы елді мекендердің 1200-ге жуық тұрғыны үшін спортпен жүйелі айналысуға мүмкіндік береді. Ғимарат жанында футбол, баскетбол алаңдары да қарастырылған. Мұнда аудандық және облыстық деңгейдегі жарыстарды өткізуге толық жағдай жасалған. Жаңа спорт кешені жас спортшылардың дамуына серпін беріп, болашақ чемпиондардың қалыптасуына жол ашады деп сенемін», – деді Берік Уәли.
Жобаны жүзеге асыру барысында тұрғындардың қауіпсіздігі мен жайлылығына ерекше мән берілді. Спорт кешені заманауи өрт қауіпсіздігі жүйесімен, бейнебақылаумен, жарықтандыру және инженерлік инфрақұрылыммен толық қамтамасыз етілген. Сонымен қатар, мүмкіндігі шектеулі азаматтардың еркін қозғалысына арналған пандустар мен қолжетімді орта элементтері орнатылған.
Кешен аумағы толық абаттандырылып, көгалдандыру жұмыстары жүргізілген. Жаяу жүргіншілер жолдары, демалыс аймақтары, жарықтандыру жүйесі, велосипед тұрағы және шағын сәулеттік нысандар орнатылып, ауыл тұрғындары үшін қолайлы қоғамдық кеңістік қалыптастырылды.
Спорт нысанының ашылуына орай Ойшілік ауылында волейболдан «OISHILIK CUP» облыстық турнирі ұйымдастырылды. Жарысқа 8 команда қатысып, ауыл спортының дамуына ерекше серпін берді.



