Ақсуат ауданының Құмкөл ауылында дәрігерлік амбулатория салынады

Облыс әкімі Берік Уәли Ақсуат ауданында жүзеге асырылып жатқан әлеуметтік және инфрақұрылымдық жобалардың барысымен танысып, бірқатар нысандардың құрылыс алаңдарын аралады. Солардың ішінде Құмкөл ауылында салынатын жаңа дәрігерлік амбулаторияның жобасы ерекше маңызға ие.
Аймақ басшысы құрылыс басталатын алаңда болып, жоспарланған жұмыстардың жай-күйімен танысты. Құмкөл ауылындағы қазіргі медициналық қызмет көрсету жағдайы ескі екі қабатты ғимараттың бір бөлігінде ғана орналасқан. Бұл жағдай ауыл тұрғындары үшін бірқатар қолайсыздықтар туғызуда. Сондықтан жаңа амбулатория салу – тұрғындардың денсаулығын қорғау жүйесін жақсартуға бағытталған маңызды қадам.
Жаңа медициналық нысан толықтай заманауи талаптарға сай салынады. Онда алғашқы медициналық-санитарлық көмектің барлық түрін көрсетуге мүмкіндік беретін кабинеттер, диагностика бөлмелері және қажетті медициналық құрал-жабдықтар орнатылады. Бұл ауыл тұрғындарына сапалы әрі жедел медициналық қызмет алуға жол ашады.
Облыс әкімі бұл жобаның әлеуметтік маңызын атап өтіп, ауыл халқының ұзақ жылдан бері көтеріп келе жатқан мәселелерінің бірі екенін жеткізді.
«Бұл дәрігерлік амбулатория – Құмкөл ауылы тұрғындарының көптен күткен әлеуметтік нысаны. Біз оның заманауи талаптарға сай салынуын қамтамасыз етеміз. Ауылда шамамен мыңға жуық халық тұрады, сондықтан мұндай медициналық мекеме аса қажет. Құрылысқа дайындық жұмыстары жүріп жатыр, ал мердігер ұйым нысанды алты ай ішінде аяқтауды жоспарлап отыр. Қажетті қаржыландыру толық қамтамасыз етіледі», – деді Берік Уәли.
Сонымен қатар облыс әкімі Ойшілік ауылына кіреберіс жолдың орташа жөндеу жұмыстарының барысын да тексерді. Аталған жол учаскесі аудан үшін стратегиялық маңызға ие, себебі ол бірнеше елді мекенді аудан орталығымен байланыстырады және шекаралық аймақтарға шығуды қамтамасыз етеді.
Жоба аясында жолдың тозған бөліктері толық жаңартылып, асфальт жабындысы қайта төселуде. Кейбір учаскелерде жер негізі толық ауыстырылып, инженерлік талаптарға сай нығайтылуда. Бұл жұмыстар көлік қозғалысының қауіпсіздігін арттыруға және ауыл тұрғындарының қатынасын жеңілдетуге бағытталған.
Мамандардың айтуынша, жөндеу жұмыстары кезең-кезеңімен жүргізілуде. Өткен жылы алғашқы учаскелерде ескі жабын толық алынып тасталып, жаңа асфальт төселген болатын. Биыл қалған бөліктер бойынша толық жөндеу және профильдеу жұмыстары атқарылуда.
Облыс әкімі жауапты мекемелерге барлық жұмыстарды сапалы әрі белгіленген мерзімде аяқтауды тапсырды. Сонымен бірге мердігер ұйымдарға бақылауды күшейтіп, құрылыс стандарттарының сақталуын қамтамасыз ету қажеттігін ескертті.



