Басты жаңалық

Облыс әкімі Көкөзек ауылының әлеуметтік және инфрақұрылымдық нысандарын аралап, тұрғындармен кездесті

Облыс әкімі Берік Уәли жұмыс сапары барысында Үржар ауданындағы Көкөзек ауылына барып, елді мекеннің әлеуметтік-экономикалық даму барысымен, инфрақұрылымдық жобалардың жүзеге асырылуымен және тұрғындардың тұрмыс-тіршілігімен танысты. Сапар аясында аймақ басшысы ауылдың бірқатар маңызды нысандарын аралап, жергілікті халықпен кездесіп, олардың ұсыныс-пікірлері мен өзекті мәселелерін тыңдады.

Көкөзек ауылы аудан орталығынан 35 шақырым қашықтықта орналасқан. Бүгінде мұнда 964 адам тұрады. Елді мекенде медициналық пункт, орта мектеп-бақша, мәдениет үйі және басқа да әлеуметтік нысандар халыққа тұрақты қызмет көрсетуде. Ауыл тұрғындарының негізгі күнкөріс көзі – ауыл шаруашылығы. Оның ішінде мал шаруашылығы мен егін шаруашылығы жақсы дамыған. Соңғы жылдары мемлекеттік бағдарламалар аясында ауылдың инженерлік және жол инфрақұрылымын жаңарту, тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыру бағытында бірқатар жобалар іске асырылып келеді.

Жұмыс сапары барысында облыс әкімі алдымен биыл пайдалануға берілген ауылға кіреберіс автомобиль жолын көрді. Ұзындығы төрт шақырымнан асатын жолға орташа жөндеу жүргізіліп, жаңа асфальт төселген. Жолдың сапасы заманауи талаптарға сәйкес орындалған. Аймақ басшысы жауапты мердігер ұйымдарға жолдың ұзақ жылдар бойы сапалы қызмет етуі үшін барлық техникалық талаптардың сақталуы қажет екенін атап өтті.

Аталған жол ауыл тұрғындары үшін ерекше маңызға ие. Себебі ұзақ жылдар бойы жолдың тозуы көлік қозғалысына қолайсыздық туғызып келген. Жаңартылған жол аудан орталығымен қатынасты жеңілдетіп қана қоймай, жедел жәрдем, мектеп автобусы, ауыл шаруашылығы техникалары мен жолаушылар көлігінің қауіпсіз әрі қолайлы қозғалысына мүмкіндік береді.

Одан кейін облыс әкімі ауылдағы Мәдениет үйінің жұмысымен танысты. Аталған нысан 1966 жылы пайдалануға берілген және бүгінгі күнге дейін ауылдың мәдени өмірінің негізгі орталығы болып келеді. Ғимараттағы көрермен залы 170 орынға арналған. Қазіргі таңда мұнда бес қызметкер еңбек етеді. Олар ауыл тұрғындары үшін түрлі мәдени-көпшілік іс-шараларды, концерттерді, шығармашылық кештерді, ұлттық мерекелерді, үйірмелер мен тәрбиелік бағыттағы бағдарламаларды ұйымдастырып келеді.

Алайда мәдениет үйінің қазіргі жағдайы күрделі жөндеуді қажет етеді. Соңғы рет бұл нысанға 2008 жылы күрделі жөндеу жүргізілген. Бүгінде ғимараттың сыртқы қасбеті едәуір тозған, жылу жүйесі ескірген, есік-терезелерді жаңарту қажеттілігі туындаған. Сонымен қатар ішкі инженерлік жүйелерді жаңғырту және материалдық-техникалық базаны күшейту мәселесі де өзекті болып отыр.

Аймақ басшысы мәдениет үйінің барлық бөлмелерін аралап көріп, жауапты сала басшыларына ғимараттың техникалық жағдайын жан-жақты зерделеуді және күрделі жөндеу жүргізу бойынша жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеуді тапсырды.

Сапар барысында Берік Уәли мәдениет үйінің алдында ауыл тұрғындарымен еркін форматта кездесіп, олардың ұсыныстары мен тілектерін тыңдады. Кездесу барысында тұрғындар ауылда соңғы жылдары жүзеге асырылған жұмыстарға ризашылықтарын білдірді.

«Қазір ауылымыздың 80 пайызы жарықтандырылған. Барлық көшелерге құм-тас төселді. Елді мекен толықтай ауыз сумен қамтамасыз етілген. Биыл ауылға кіреберіс жол жаңартылып, көптен күткен мәселе шешімін тапты. Осындай жұмыстар үшін ауыл жұртшылығы атынан алғысымызды білдіреміз», – деді ауыл тұрғындары.

Сонымен қатар кездесуде тұрғындар мәдениет үйінің қазіргі жағдайына алаңдаушылық білдіріп, ғимаратқа күрделі жөндеу жүргізуге қолдау көрсетуді сұрады. Олардың айтуынша, бұл нысан ауылдың қоғамдық және мәдени өмірінде ерекше орын алады және жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастыруда маңызды рөл атқарады.

Ауыл тұрғындарының ұсыныстарын мұқият тыңдаған облыс әкімі бұл мәселе назардан тыс қалмайтынын айтып, жауапты басқармаларға қажетті құжаттарды әзірлеуді тапсырды.

«Көкөзек – ұйымшылдығы мен ауызбіршілігі жарасқан ауылдардың бірі. Мұнда халық еңбекқор, туған жерінің дамуына бейжай қарамайды. Бүгін ауылдың тыныс-тіршілігімен жан-жақты таныстым. Бұл ауылдағы жолға ең соңғы рет 1981 жылы асфальт төселген екен. Араға 45 жыл салып, биыл ауылға қайтадан сапалы жол салынып отыр. Бұл – тұрғындардың өмір сапасын жақсартуға бағытталған нақты жұмыстардың нәтижесі.

Мәдениет үйін де аралап шықтым. Шынында да, ғимаратқа жөндеу қажет екені көрініп тұр. Сондықтан тиісті жобалық-сметалық құжаттарды әзірлеп, ұсыныс енгізіңіздер. Біз бұл мәселені жан-жақты қарастырамыз. Ауылдардағы мәдениет ошақтары халықтың рухани өмірінің орталығы болуы тиіс. Сондықтан мұндай нысандарды кезең-кезеңімен жаңғырту жұмысын жалғастырамыз», – деді Берік Уәли.

Жұмыс сапары аясында облыс әкімі Көкөзек орта мектеп-бақшасына да барып, білім беру ұйымының жұмысымен танысты. Қазіргі таңда мектепте 130 оқушы білім алып жатыр. Білім ордасында 30 мұғалім еңбек етеді. Мектеп 2020 жылы күрделі жөндеуден өтіп, заманауи талаптарға сай жаңартылған. Оқу кабинеттері қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген, оқушылардың сапалы білім алуына барлық жағдай жасалған.

Аймақ басшысы мектептің материалдық-техникалық базасымен танысып, педагогикалық ұжыммен әңгімелесті. Ол ауыл мектептерінде білім сапасын арттыру, балалардың жан-жақты дамуына жағдай жасау және ауыл жастарына сапалы білім беру мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі екенін атап өтті.

Жалпы, облыс әкімінің Көкөзек ауылына жұмыс сапары барысында тұрғындарды толғандырған негізгі мәселелер талқыланып, әлеуметтік және инфрақұрылымдық нысандардың жағдайына жан-жақты баға берілді. Аймақ басшысы жауапты мемлекеттік органдарға көтерілген мәселелер бойынша нақты тапсырмалар беріп, ауылдың одан әрі дамуына бағытталған жұмыстар жүйелі түрде жалғасатынын атап өтті.

Басқа жаңалықтар

Back to top button