Басты жаңалық

Ғасырлық ғимараттың жаңа ғұмыры

Бір кездері қараусыз қалған тарихи ғимарат енді қаланың жаңа туристік нысандарының біріне айналмақ.

Семейде 1873 жылы салынған тарихи ғимаратты қайта жаңғырту жұмыстары қарқын алды. Абай облысының әкімі Берік Уәли нысанға барып, құрылыс барысымен және оны қалпына келтіру жобасымен танысты.

Жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерінің мемлекеттік тізіміне енгізілген ғимараттың тарихы терең. 1917 жылғы өрттен кейін оның қабырғалары ғана сақталып, қала тұрғындарының қолдауымен бір айдың ішінде қалпына келтірілген. Ал 1918 жылдың 18 қаңтарында қайта пайдалануға берілген. Кейін, 1950 жылы КСРО Министрлер Кеңесінің шешімімен ашылған Семей зооветеринарлық институтының оқу корпусы ретінде қызмет етті. Алайда 1986 жылы тағы да өрт шығып, ғимараттың негізгі қабырғалары ғана аман қалған.

Қазіргі жоба аясында тарихи нысанның сәулеттік келбеті толық сақталады. Сонымен қатар, заманауи талаптарға сай қайта бейімделіп, қонақүй-мейрамхана және әкімшілік-коммерциялық бағыттағы екі блоктан тұратын көпфункционалды кешен ретінде пайдалануға беріледі.

Жобаны жеке инвестор қаржыландырып отыр. Инвестиция көлемі – 5 миллиард теңге. Кешен іске қосылғаннан кейін 150 жаңа тұрақты жұмыс орны ашылады деп жоспарланған.

Нысанды аралау барысында облыс әкімі Берік Уәли тарихи ғимараттың сәулеттік ерекшелігін сақтай отырып, оны қала тұрғындары мен қонақтарына қызмет көрсететін заманауи кеңістікке айналдыру маңызды екенін атап өтті.

– Қаланың дәл ортасында орналасқан бұл ғимарат ұзақ жылдар бойы қараусыз қалып, шаһардың сәулеттік келбетіне кері әсерін тигізіп келді. Енді араға 40 жыл салып қайта жаңғырту жұмыстары басталды. Инвесторларға ұсынысымызды қолдап, тарихи нысанды қалпына келтіру ісіне атсалысқандары үшін алғыс айтамыз. Жұмыстар бекітілген кестеге сәйкес жүргізілуде. Тарихи келбеті сақталған жағдайда бұл ғимарат Семейдің ең көрікті орындарының біріне айналады деп сенеміз, – деді өңір басшысы.


Абай облысында тарихи-мәдени мұраны сақтау және қайта қалпына келтіру жұмыстары жүйелі түрде жалғасып келеді. Былтыр желтоқсан айында 1890 жылы ағайынды Мусиндер салған тарихи ғимарат толық жаңартылып, «Pana Unique Semey» бес жұлдызды қонақүй кешені ретінде пайдалануға берілген болатын.

Басқа жаңалықтар

Back to top button