Басты жаңалық

Қала әкімдігі нені назарға алды?

Семейде өткен кеңейтілген аппараттық кеңесте әлеуметтік саясат, отбасы институтын қолдау және жер қатынастары саласындағы мемлекеттік қызметтердің сапасы күн тәртібіне шығарылып, жауапты бөлімдерге нақты міндеттер жүктелді.

Семей қаласының әкімі Әділет Нұрсағатұлының төрағалығымен өткен кеңейтілген аппараттық кеңесте қала өміріне қатысты бірқатар маңызды мәселе қаралды. Жиынға қала әкімінің орынбасарлары, бөлім басшылары, коммуналдық кәсіпорындардың жетекшілері және қала әкімінің инспекторлары қатысты.

Кеңесте алдымен Семей қаласы әкімінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссияның 2026 жылдың алғашқы жартыжылдығында атқарған жұмысы қорытындыланды. Баяндамаға сәйкес, жыл басынан бері комиссияның екі отырысы ұйымдастырылып, гендерлік теңдік пен гендерлік сауаттылықты арттыру, отбасы институтын нығайту, отбасы құндылықтарын дәріптеу, мүмкіндігі шектеулі балалар мен жастарды әлеуметтендіру, сондай-ақ Отбасын қолдау орталығының қызметі жан-жақты талқыланған.

Жиында жер қатынастары саласындағы мемлекеттік қызметтердің көрсетілу барысы да сараланды. Мәліметке сәйкес, 2026 жылдың алғашқы алты айында бұл бағытта 3889 мемлекеттік қызмет ұсынылған. Кеңес барысында қызметтердің сапасы мен мерзімінде көрсетілуі, азаматтардың өтініштерін қарау тәртібі және мемлекеттік қызмет көрсету жүйесін жетілдіру мәселелері талқыланды.

Қала әкімі мемлекеттік органдардың жұмысы тұрғындар үшін нақты нәтижемен өлшенуі керектігін атап өтті.

«Көтерілген әрбір мәселе бақылауда болуы тиіс. Берілген тапсырмалар уақытылы әрі сапалы орындалып, оның нақты нәтижесі тұрғындарға сезілуі қажет», – деді Әділет Нұрсағатұлы.


Кеңес қорытындысында жауапты басқармалар мен бөлімдерге көтерілген мәселелер бойынша нақты тапсырмалар беріліп, олардың орындалуын тұрақты бақылауда ұстау міндеті қойылды. Аппараттық жиында қаралған бағыттар қаладағы әлеуметтік саясаттың тиімділігін арттыруға және мемлекеттік қызметтердің сапасын одан әрі жақсартуға негіз болмақ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button