Жаңарған «Заря» жағажайын кімдер бүлдірді?

Жуырда ғана күрделі жөндеуден өтіп, халық игілігіне берілген Семей қаласындағы «Заря» жағажайында вандализм деректері тіркелді. Қоғамдық мүлікке зиян келтіргендер заң аясында жауапқа тартылады.
Семей қаласындағы «Заря» жағажайында қоғамдық мүлікті бүлдіру деректері тіркелді. Жаңартылған демалыс аймағындағы шлагбаум мен тынығуға арналған орындықтар қасақана бүлінген. Сонымен қатар бірнеше орындықтың ұрланғаны және жағажай аумағына тұрмыстық қоқыс шашылғаны анықталған.

Бұл туралы облыс әкімінің баспасөз хатшысы Азамат Қасым хабарлады.
«Жуырда ғана күрделі жөндеуден өтіп, халық игілігіне берілген Семей қаласындағы «Заря» жағайының бүгінгі жағдайы алаңдаушылық туғызуда. Демалушы қала тұрғындары жағажай аумағындағы шлагбаум мен тынығуға арналған орындықтарды қасақана бүлдірген. Бұдан бөлек бірқатар орындықтар ұрланып, аумаққа тұрмыстық қоқыс шашылған.
Осы жағдайға байланысты аймақ басшысы Берік Уәли облыстық Полиция департаментінің бастығы Эльдар Данияровқа аталған құқық бұзушылыққа қатысы бар тұлғаларды жедел анықтап, оларды заң аясында қатаң жауапкершілікке тартуды тапсырды. Сонымен қатар қоғамдық тәртіпті күшейтіп, мұндай келеңсіз оқиғалардың алдын алу үшін қажетті шараларды қабылдауды міндеттеді.
Облыс әкімдігі тұрғындарды қоғамдық мүлікке ұқыпты қарауға шақырады. Мемлекет қаржысына салынып, халық игілігіне берілген мұндай нысандар – баршаға ортақ құндылық. Оларды таза ұстау, бүлдірмеу және келешек ұрпаққа сақтап жеткізу – әрбір азаматтың азаматтық жауапкершілігі», – деді Азамат Қасым.

Айта кетейік, биыл Семей қаласында тұрғындар мен қала қонақтарының жайлы демалуы үшін үш қоғамдық тегін жағажай жаңартылып, заман талабына сай абаттандырылған болатын. Солардың бірі – «Заря» шағын ауданындағы жағажай.



