Басты жаңалық

Көкпектіге жаңа коммуналдық техника берілді

Көкпекті ауданында коммуналдық инфрақұрылымды жаңғырту жалғасуда. Ауданға халықаралық жоба аясында арнайы қоқыс тасымалдау көлігі мен 50 заманауи еуроконтейнер табысталды.

Көкпекті ауданында тұрмыстық қалдықтарды басқару жүйесін жетілдіруге бағытталған жұмыстар жаңа қарқын алды. Ауданға Біріккен Ұлттар Ұйымының Даму бағдарламасы (БҰҰДБ) аясында бір арнайы қоқыс тасымалдау көлігі мен 50 заманауи еуроконтейнер берілді.

Қолдау Абай және Ұлытау облыстарында жүзеге асырылып жатқан «Тұрақты даму: жаңадан құрылған облыстардағы өңірлік теңсіздіктерді еңсеру» жобасы аясында көрсетілді. Жоба шеңберінде БҰҰДБ сарапшылары облыс әкімдіктерімен бірлесіп қатты тұрмыстық қалдықтарды басқару жүйесіне кешенді талдау жүргізіп, өңірлердің нақты қажеттіліктерін зерделеген.

Сараптама нәтижесінде халықаралық тәжірибе мен жергілікті ерекшеліктерді ескеретін ұсынымдар әзірленіп, коммуналдық инфрақұрылымды кезең-кезеңімен жаңғырту жұмыстары қолға алынды.

Жаңа техника мен контейнерлер тұрмыстық қалдықтарды уақытылы жинауға, коммуналдық қызметтің тиімділігін арттыруға және елді мекендердің санитарлық тазалығын жақсартуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар бұл қоршаған ортаны қорғауға және тұрғындарға көрсетілетін қызмет сапасын көтеруге оң ықпал етеді.

Жоба аясында қалдықтарды басқарудың заманауи тәсілдерін енгізу, инфрақұрылымды тиімді жоспарлау және қайта өңдеуге негізделген айналмалы экономика қағидаттарын дамыту көзделген. Бұл бастамалар өңірдің экологиялық ахуалын жақсартып, тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған маңызды қадамдардың бірі саналады.

Басқа жаңалықтар

Back to top button