Цифрлық даму – Абай облысының басым бағыты
Абай облысында интернет инфрақұрылымын кеңейту, қоғамдық қауіпсіздікті цифрландыру және жасанды интеллект технологияларын енгізу бағытындағы жобалардың іске асырылу барысы талқыланды.

Абай облысының әкімі Берік Уәлидің төрағалығымен өткен жиында өңірдегі цифрлық инфрақұрылымды дамыту мәселелері қаралды. Басқосуда елді мекендерді сапалы интернетпен қамту, республикалық маңызы бар автомобиль жолдары бойындағы байланыс желілерін кеңейту, Алакөл жағалауындағы мобильді байланысты күшейту, жасанды интеллект технологияларын енгізу және қоғамдық қауіпсіздікті цифрландыру бағытындағы жұмыстар сараланды.

Қазіргі таңда облыстағы 326 елді мекеннің 260-ы сымды және мобильді интернетпен қамтылған. «Қазақтелеком» АҚ-мен жасалған инвестициялық келісім аясында 178 ауылға талшықты-оптикалық және спутниктік байланыс тарту жобасы басталды. Оның аясында 2 352 шақырымнан астам байланыс желісі салынып, биыл жыл соңына дейін 86 ауыл жаңа инфрақұрылымға қосылады.
Сонымен қатар «Қолжетімді интернет» ұлттық жобасы шеңберінде республикалық маңызы бар автожолдардың бойына 40 антенна-діңгек құрылымын орнату жоспарланған. Қазірдің өзінде 36 жобаның жобалық-сметалық құжаттамасы оң қорытынды алған.

Жиында Алакөл жағалауындағы байланыс сапасын арттыруға ерекше назар аударылды. Туристік аймаққа алғаш рет талшықты-оптикалық желі тартылып, 150-ден астам демалыс орны жоғары жылдамдықтағы интернетке қосылды. Бұдан бөлек, екі жаңа антенна-діңгек құрылымы салынып, байланыс операторларының базалық станциялары іске қосылды. Қабанбай ауылында да жаңа байланыс нысандарының құрылысы жалғасуда.
Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында өңірде «Қауіпсіз қала» жедел басқару орталықтарын құру жұмыстары басталды. Биыл Алакөл жағалауына 224 интеллектуалды бейнекамера орнатылып, жағалаудағы ахуалды Семей қаласынан онлайн бақылауға мүмкіндік жасалды.
Жасанды интеллект технологияларымен жабдықталған бейнебақылау жүйесі құқық бұзушылықтарды анықтауға, жоғалған адамдар мен заттарды жедел табуға және күмәнді әрекеттерді автоматты түрде тіркеуге мүмкіндік береді. Демалыс маусымы басталғалы оның көмегімен 100-ден астам бала ата-анасына табысталып, жоғалған жеке заттар иелеріне қайтарылған. Сондай-ақ құқық бұзушылықтар санының азайғаны байқалады.

Білім беру саласында да цифрлық жобалар жүзеге асырылуда. Семейдегі Оқушылар сарайында Tomorrow School жобасы іске асырылып жатыр. Сонымен қатар 12–18 жас аралығындағы жасөспірімдерге арналған халықаралық TUMO білім беру орталығын ашу мәселесі қарастырылуда. Мұнда оқушылар жасанды интеллект, бағдарламалау, робототехника, анимация, графикалық дизайн және 3D-модельдеу бағыттары бойынша білім алады.
Жиынды қорытындылаған облыс әкімі Берік Уәли цифрлық инфрақұрылымды дамыту өңірдің экономикалық және әлеуметтік дамуының маңызды тетігі екенін атап өтті.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев 2026 жылды Цифрландыру және жасанды интеллект жылы деп жариялаған болатын. Бұл шешім еліміздің ұзақ мерзімді даму стратегиясын жаңа технологиялар негізінде жүзеге асыру, цифрлық трансформацияны жеделдету және жасанды интеллектті кең көлемде енгізу мақсатында қабылданды. Біздің облыста бұл бағытта бірқатар ірі жобалар жүзеге асырылып жатыр. Абай облысының байланыс және интернет инфрақұрылымын дамытуға бағытталған жобалар алдағы уақытта өз нәтижесін береді деп ойлаймыз», – деді Берік Уәли.



