Камышенкаға төнген қауіп сейілді

Абай облысының Бородулиха ауданында болған орман өртін сөндіру жұмыстары тәулік бойы жалғасуда. Өрттің таралуына жол бермеу және ахуалды тұрақтандыру мақсатында барлық жауапты мемлекеттік органдардың күштері жұмылдырылды.
Өрт ошағындағы жағдаймен танысу үшін оқиға орнына Абай облысының әкімі Берік Уәли барды. Аймақ басшысы тікұшақпен әуеден бақылау жүргізіп, жедел штабтың жұмысымен танысты және тиісті қызметтерге нақты тапсырмалар берді.

Қазіргі уақытта өртті сөндіруге Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігі, Экология және табиғи ресурстар министрлігі, Ішкі істер министрлігі, Қорғаныс министрлігі, Ұлттық қауіпсіздік комитеті, сондай-ақ жергілікті атқарушы органдардың күштері жұмылдырылған. Жалпы саны 600 адам, 148 бірлік техника және 7 тікұшақ жұмыс істеуде.
Қызметтердің үйлесімді әрі жедел іс-қимылының нәтижесінде Қамышенка ауылына төнген қауіп сейілді. Барлық күштер белгіленген міндеттерді орындап, өрттің одан әрі таралуына жол бермеу бағытында жұмыстарын жалғастыруда.

Өртті сөндіру жұмыстарын тиімді үйлестіру үшін Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің Жедел басқару орталығының базасында жедел штаб құрылды. Авиация көмегімен өрт ошақтарына 81 мәрте су төгіліп, жалпы 89 тонна су пайдаланылды.
Сонымен қатар, өрт орнына Абай, Шығыс Қазақстан, Павлодар облыстарынан және Астана қаласынан Төтенше жағдайлар министрлігінің бөлімшелері, «Семей орманы» мемлекеттік орман табиғи резерваты, «Ертіс орманы» орман шаруашылығының қызметкерлері мен ТЖМ әскери бөлімінің жеке құрамы қосымша жіберілді.
Өңір басшысы өрт толық сөндірілгенге дейін жағдайдың жеке бақылауында болатынын атап өтті.
«Ең бастысы – адамдардың өмірі мен қауіпсіздігі. Облыстағы барлық техниканы жұмылдырып жатырмыз. Басқа облыстардан да техникалар көмекке келіп жатыр. Жағдай тікелей бақылауымда болады», – деді Абай облысының әкімі Берік Уәли.


