Тазалықта сан емес, сапа маңызды

Абай облысында өткен әкімдік отырысында «Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасының жүзеге асырылу барысы талқыланды. Жиында өңірдегі санитарлық тазалық жұмыстарының нәтижесі сараланып, алдағы міндеттер айқындалды.
Биыл сәуір айынан бері облыс көлемінде өткен тазалық акцияларына 290 мыңнан астам тұрғын қатысты. Нәтижесінде 33 мың аула, 894 саябақ пен сквер тазартылып, полигондарға 43 мың тоннадан астам қоқыс шығарылды. Сонымен қатар жоспарланған 67 мың көшеттің 60 мыңы отырғызылды.

Экологиялық мәдениетті қалыптастыру жұмыстары білім беру ұйымдарында да жалғасуда. «Жасыл балабақша» жобасына 33 мектепке дейінгі ұйым қатысса, облыстағы 305 мектепте мың жарымнан астам экологиялық сынып сағаты ұйымдастырылды.
Жыл басынан бері «Мөлдір бұлақ», «Жер сағаты» және басқа да экологиялық акциялар өткізілді. Бұлақ көздерін тазарту жұмыстарына 8 800 адам қатысып, 8 мың тоннадан астам қоқыс шығарылды.
Бағдарлама аясында тәртіпті күшейту шаралары да жалғасуда. Жыл басынан бері 2 245 рейд жүргізіліп, абаттандыру талаптарын бұзудың 7 838 дерегі анықталды. Заң бұзушыларға жалпы сомасы 28,2 миллион теңгеден астам айыппұл салынды. Ал бейнебақылау камераларының көмегімен қоғамдық орындарды ластаудың 1 175 фактісі тіркелген.
Жиында сөз сөйлеген облыс әкімі Берік Уәли тазалық жұмыстарының басты өлшемі есеп емес, нақты нәтиже болуы керектігін атап өтті.
«Әкімдердің жұмысы өткізілген сенбіліктің санымен емес, елді мекендердің нақты жағдайымен бағаланатын болады. “Таза Қазақстан” бағдарламасының мақсаты – тұрғындардың қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарау мәдениетін қалыптастыру», – деді өңір басшысы.

Жиын соңында қала және аудан әкімдеріне бағдарламаның орындалуын тұрақты бақылауда ұстап, анықталған кемшіліктерді дер кезінде жою және жұмыстың тиімділігін арттыру тапсырылды.



