Семейде экологиялық акция өтті

Семейде экологиялық акция өтіп, бір күнде мыңнан астам ағаш отырғызылды — қала жасыл бағытқа нақты қадам жасады.
Абай облысына жұмыс сапары аясында «Самұрық-Қазына» қоры өкілдері Семейде ағаш отырғызу шарасына қатысты. Экологиялық акция Бейбітшілік аралындағы орман тұқымбағында өтті.

Іс-шараға облыс әкімі Берік Уәли мен «Самұрық-Қазына» АҚ басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов қатысты. Шара Мемлекет басшысының «Таза Қазақстан» бастамасы аясында ұйымдастырылды.
Акция барысында мыңнан астам көшет егілді. Олардың қатарында емен, терек, шаған, жөке, шәңкіш, шырша, тал, долана және қарағаш бар. Жалпы 9 түрлі ағаш пен бұта отырғызылды.

Қор өкілдерінің айтуынша, бұл тек бір реттік акция емес. Биыл «Самұрық-Қазына» тобы 5 миллионнан астам ағаш отырғызуды жоспарлап отыр.
Айта кетейік, соңғы екі жылда қор компаниялары 5,8 миллион түп ағаш еккен.



