Дін мен дәстүр

Таргеттелген манипуляциядан сақтану үшін жеке деректерді қорғау

Цифрлық технология дамыған заманда адамдардың жеке деректері бұрынғыдан да құнды ақпаратқа айналды. Телефон нөмірі, мекенжай, отбасы туралы мәлімет, қызығушылықтар, әлеуметтік желідегі белсенділік мұның бәрі бөтен адамның қолына түссе, түрлі мақсатта пайдаланылуы мүмкін.

Дінтану саласының мамандары жат діни ағымдар да адамдар туралы ақпарат жинауға ерекше мән беретінін айтады. Олар адамның жасын, отбасылық жағдайын, қаржылық мәселесін, діни қызығушылығын немесе психологиялық күйін біліп алған соң, сол ерекшеліктеріне қарай байланыс орнатуға тырысуы мүмкін.

Мысалы, діни тақырыптарға қызығушылық танытқан адамға дәл сол бағыттағы бейнероликтер мен хабарламалар жіберіледі. Жұмыс іздеп жүрген азаматқа жоғары табыс туралы ұсыныстар келуі мүмкін. Жалғыздық сезінген адамға достық пен қолдау көрсететін орта ретінде көрінуге тырысады. Мұндай әрекет таргеттелген манипуляция деп аталады.

Көп жағдайда алғашқы байланыс әлеуметтік желі арқылы басталады. Белгісіз парақша хабарлама жібереді, ортақ қызығушылық табады, кейін түрлі чаттарға немесе кездесулерге шақырады. Біраз уақыттан кейін діни тақырыптағы пікірлер ұсынылып, адамның көзқарасына әсер ету әрекеті басталуы мүмкін.

Кейбір адамдар өз өмірі туралы барлық ақпаратты әлеуметтік желіде ашық жариялайды. Қайда жүргені, қайда оқитыны, қандай қиындық көріп жүргені немесе қандай мәселеге алаңдайтыны туралы жазбалар бөгде адамдарға да қолжетімді болады. Мұндай мәліметтерді деструктивті топтар адамның сеніміне кіру үшін пайдалануы ықтимал.

Жеке деректерді қорғау тек киберқауіпсіздік мәселесі ғана емес, ақпараттық және рухани қауіпсіздіктің де бір бөлігі. Әлеуметтік желідегі парақшаны құпия баптаулармен қорғау, белгісіз адамдардың достық ұсынысына сақтықпен қарау, жеке мәліметтерді көпшілікке жарияламау маңызды.

Діни мәселелер бойынша белгісіз аккаунттардан келген кеңестерге немесе шақыруларға бірден сенім артпаған жөн. Ақпараттың қайдан келгеніне, оны кім таратқанына және оның мақсатына назар аудару қажет.

Деструктивті ағымдар адамның сеніміне бір күнде ие болмайды. Олар алдымен байланыс орнатып, қызығушылығын зерттеп, кейін ғана өз идеясын ұсынуға көшеді. Жеке деректерді ұқыпты қорғау мұндай әрекеттердің алдын алуға көмектеседі.

Басқа жаңалықтар

Back to top button