Жаңа жолдардың ғұмыры кімге байланысты?
Облыста ауыр жүк көліктерінің қозғалысы қатаң тексеріледі

Бүгін аймақ басшысы Берік Уәлидің төрағалығымен маңызды кеңес өтті. Жиында облыс аумағындағы республикалық маңызы бар автомобиль жолдарындағы ауыр жүк көліктерінің қозғалысы және күре жолдарға рұқсатсыз қосылу мәселелері жан-жақты талқыланды.
Жиынға «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ облыстық филиалының, көлік прокуратурасының, көліктік бақылау инспекциясының, полиция департаментінің, «Қазақстан темір жолы» өкілдері және жүк тасымалдаумен айналысатын бірқатар өндірістік компаниялардың басшылары қатысты.
«ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ облыстық филиалының дерегі бойынша, өңірдегі республикалық маңызы бар жолдардың жалпы ұзындығы 2175 шақырымды құрайды. Оның 76 пайызы жақсы және қанағаттанарлық жағдайда болса, 24 пайызы әлі де қанағаттанарлықсыз күйде. Соңғы екі жылда «Талдықорған – Қалбатау – Өскемен» және «Қалбатау – Майқапшағай» бағыттарында 583 шақырым жол жаңартылып, биыл қосымша 154 шақырымға орташа жөндеу жүргізілуде.
Алайда өңірдегі 710,5 шақырым жол кен, қиыршық тас, құм және өзге де материалдарды тасымалдайтын ауыр жүк көліктерінің тұрақты қозғалыс аймағына айналып отыр. Әсіресе:
-
«Қарағанды – Аягөз – Тарбағатай – Боғас»
-
«Алматы – Өскемен»
-
«Таскескен – Бақты»
-
«Омбы – Майқапшағай»
автомобиль жолдарына түсетін жүктеме тым жоғары. Алдын ала есептеулерге сәйкес, рұқсат етілген салмақ параметрлерінен асатын көліктердің салдарынан жолдарға келтірілген залал шамамен 206 миллион теңгені жеткен.
Жиында сөйлеген облыс әкімі Берік Уәли жаңадан жөнделген жолдардың ауыр жүк көліктерінен зардап шегіп жатқаны тұрғындар тарапынан жиі айтылатын өзекті мәселе екенін атап өтті.
«Аудандарды аралау кезінде жергілікті тұрғындар тарапынан ауыр жүк көліктерінің жолды бұзу фактілері бойынша шағым көп айтылады. Бұл – өте өзекті мәселе. Облыстағы республикалық маңызды жолдар енді ғана жөнделіп, жаңартылған уақытта ауыр жүк көліктерінің шамадан тыс салмағы күре жолдарға зардабын тигізіп жатыр. Халықтан түскен арыз-шағымдар негізінде «ҚазАвтожол» филиалы көліктік бақылау инспекциясы, полиция департаментімен бірлесіп, рейд жүргізуі керек», – деді Берік Уәли.
Кеңесте автоматтандырылған салмақ-габариттік бақылау жүйелерінің жұмысына да ерекше назар аударылды. Қазіргі таңда 691 және 783 шақырымдарда өлшеу станциялары орнатылғанымен, кейбір жүк көліктері оларды өздері салып алған рұқсатсыз жолдар арқылы айналып өтетіні анықталған.
Сонымен қатар «Алматы – Өскемен», «Таскескен – Бақты», «Омбы – Майқапшағай» бағыттарында Ұлттық оператордың келісімінсіз салынған заңсыз кірме жолдар мәселесі көтерілді. Мұндай рұқсатсыз қосылулар жол қозғалысының қауіпсіздігіне, су бұру жүйелеріне және жол жабынының сақталуына үлкен қатер төндіреді.
Жауапты мекемелерге жүк тасымалдаушылардың салмақ параметрлерін қатаң бақылауда ұстау, қажет болған жағдайда техникалық жолдар салу мүмкіндігін қарастыру және заңсыз қосылуларды кезең-кезеңімен жою жөнінде нақты тапсырмалар берілді. Атқарылған жұмыстардың нәтижесі тоқсан сайын әкімдік деңгейінде қаралмақ.



