Басты жаңалық

Өндіріс өрісі кеңейеді

Абай облысында құрылыс индустриясына жаңа серпін берілді

Семейдегі құрылыс саласының серпінді дамуы жергілікті өндіріс ошақтарының әлеуетін толық пайдалануға кең жол ашып отыр. Аймақтың инфрақұрылымдық арнасын отандық өніммен қамтамасыз ету мақсатында Семей қаласындағы өндірістік нысандарды аралаған Абай облысының әкімі Берік Уәли жергілікті кәсіпорындардың жұмыс барысымен және алдағы жоспарларымен танысты. Өңір басшысы «СӘТ ТРАНС» ЖШС үй құрылысы комбинаты мен «AMEGA» жарық өткізгіш конструкциялар зауытына арнайы барып, ішкі нарықты сапалы құрылыс материалдарымен қамтудың маңыздылығын атап өтті.

Бүгінде аймақтағы құрылыс қарқынын тиімді қамтамасыз етіп отырған «СӘТ ТРАНС» ЖШС-нің өндірістік қуаты жылына 29 мың текше метр темірбетон бұйымдарын құрайды. Кәсіпорында 170 адам тұрақты еңбек етеді. 2024 жылы өндірісті жаңғыртқан серіктестік Түркияның NAMTAS компаниясының заманауи жабдығында вибропрестеу әдісімен жиектастар мен тротуар тақталарын шығаруды жолға қойған. Алдағы уақытта кәсіпорын бұл цехтың аумағын кеңейтіп, өнім көлемін арттыруды жоспарлауда. Бұдан бөлек, 2023 жылы іске қосылған «AMEGA» зауыты Германия, Ресей және отандық шикізатты пайдалана отырып, ПВХ, алюминий конструкциялары мен екі қабатты айнек өндірісін табысты жүргізіп келеді.

Жергілікті өндірістің шағын және орта бизнесті дамытудағы орнына тоқталған Абай облысының әкімі Берік Уәли отандық кәсіпкерлерді қолдау саясаты әкімдік тарапынан үздіксіз жүргізілетінін жеткізді:

«Біздің облысымызда, оның ішінде Семей қаласында 28 мыңға жуық шағын және орта кәсіпкерлікпен айналысатын азаматтар бар. Осы кәсіпкерлік нысандарында 70 мыңға тарта адам жұмыс істейді. Бұл – өте үлкен көрсеткіш. Президент шағын және орта бизнеске қолдау білдіру қажет деп үнемі айтады. Семейде қазір құрылыс қарқынды. Жол да салынып, абаттандыру жұмыстары да жүргізіліп жатыр. Ең бастысы, сұраныс бар. Осындай құрылыс заттарын дайындайтын кәсіпорындардың өнімі қажет. Сондықтан өңірдегі шағын және орта бизнес нысандарына әкімдік тарапынан жан-жақты қолдау көрсетілетін болады», – деді өңір басшысы.

Өңірде жүргізіліп жатқан абаттандыру мен инфрақұрылымды жаңғырту жұмыстарында жергілікті өнімге басымдық берілуі – Абай облысының экономикалық әлеуетін арттырып, отандық өндірушілердің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға септігін тигізеді.

Басқа жаңалықтар

Back to top button