
Абай облысында жол қозғалысы қауіпсіздігін арттыру және авариялық жағдайлардың алдын алу бағытындағы жүйелі жұмыстар жаңа қарқын алды. Өңірдегі қара жолдың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, апат себептерін түп-тамырымен жою мақсатында арнайы мобильді топ құрылды. Абай облысы әкімдігі жанындағы Құқық бұзушылықтардың алдын алу жөніндегі ведомствоаралық комиссияның тапсырмасына сәйкес құрылған бұл топ көліктік бақылауды жаңа форматқа көшіруді көздейді. Осы бастама аясында арнайы топ «Омбы – Майқапшағай» республикалық тасжолының Семей – Алматы бағытындағы ең қауіпті саналатын учаскесінде алғашқы көшпелі рейдін өткізді.
Рейд барысында мамандар жол-көлік оқиғалары жиі тіркелетін қауіпті аймақтарға жан-жақты зерделеу жүргізіп, қайғылы жағдайларға соқтыратын басты факторларға терең талдау жасады. Зерделеу қорытындысы бойынша жол инфрақұрылымын жақсарту мен қауіпсіздікті күшейтуге бағытталған нақты ұсыныстар әзірленді. Топтың басты назары әкімшілік айыппұл салуға емес, жүргізушілер арасындағы жауапкершілік пен сақтық мәдениетін арттыруға бағытталды. Осы орайда ұйымдастырылған «Қауіпсіз жол» акциясы аясында қозғалыс қатысушыларына жылдамдық режимін сақтау, қауіпсіздік белдігін тағу және рульдегі шаршаңқылықтың зардабы туралы түсіндіріліп, ақпараттық буклеттер таратылды.
Ұзақ сапардағы жүргізушілердің физиологиялық жағдайы мен шаршау факторларын ескере отырып, ұйымдастырушылар ерекше әлеуметтік бастаманы да іске асырды. Алыс қашықтыққа жүк пен жолаушы тасымалдайтын азаматтар үшін аудан орталығына жақын аумақта арнайы демалыс нүктесі ұйымдастырылып, жүргізушілерге ыстық шай мен кофе ұсынылды. Бұл қадам алыс жолдағы сергектікті сақтап, шаршаудан болатын апаттардың алдын алуға тікелей септігін тигізеді. Жол бойындағы мұндай кешенді де жаңашыл шаралар Абай облысының тасжолдарындағы қауіпсіздік деңгейін арттырып, адам өмірін сақтауға бағытталған маңызды қадам болып табылады.



