Семейдегі күрмеуі қатпарлы мәселелер
Әділет Нұрсағатұлы Семейдің қордаланған түйткілдерін кімдермен бірге шешпек?

Шұрық-тесік жолдан мезі болған ел, үй кезегінде жылдар бойы сарылып күткен бұқара және көшеде балаларға қауіп төндірген қаңғыбас иттерден сескенген тұрғындар. Жылдар бойы созбалаңға салынып, кабинеттер арасында шаң басып жатқан қордаланған түйткілдер қашан аяқталады, тұрғындардың бұл ашу-зары қайда жетеді деген сауалдар бүгін Азаматтарды қабылдау орталығында қайтадан ашық қойылды. Семей қаласының әкімі Әділет Нұрсағатұлы халықпен бетпе-бет кездесіп, шаһардағы шиеленіскен мәселелерді шешуге тікелей араласты.
Бұл жолы ақталуға немесе жауапкершіліктен қашуға жол бермей, қала басшысы қабылдауға әкімдіктің салалық бөлім басшыларын, «Отбасы банк» АҚ өкілдерін және коммуналдық қызмет жетекшілерін толық құрамда қатыстырды. Қабылдау бөлмесіндегі температура бірден көтеріліп, тұрғындар әлеуметтік санаттағы азаматтардың баспана алу мүмкіндігі, тозығы жеткен жолдар мен шалғай аудандарға қатынайтын автобус тапшылығы, заманауи балалар алаңдарының жоқтығы, жер телімдерін рәсімдеудегі түйткілдер мен қауіп төндірген бұралқы иттер мәселесін қабырғасынан қойды.

Семей қаласының әкімі Әділет Нұрсағатұлы халықтың әрбір жанайқайын мұқият тыңдап, құр созбалаңға салмай, заң шеңберіндегі шешілу жолдарын нақты түсіндіріп берді. Шаһар басшысы залда отырған салалық бөлім басшыларына, банк өкілдері мен коммуналдық мекеме жетекшілеріне әрбір өтініш бойынша мерзім белгілеп, қатаң хаттамалық тапсырмалар жүктеді және бұл міндеттердің орындалуын өз бақылауына алды. Өйткені Семей сияқты тарихи шаһардың әрбір тұрғыны жайлы да қауіпсіз ортада өмір сүруге әбден лайықты.
Қабылдаудан ақ үмітпен тараған ағайынның сенімі селкеусіз акцияға, ал берілген уәделердің қағаз бетінде қалмай, нақты іске айналарын үлкен үмітпен күтеміз.



