Құрылыс сапасына бақылау күшейтіледі

Абай облысында құрылыс нысандарының сапасы мен белгіленген мерзімде пайдалануға берілуіне бақылау күшейтіледі. Бұл мәселе облыс әкімі Берік Уәлидің төрағалығымен өткен жиында қаралды.
Жиында мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының басшысы Сайлауғалы Байназаров өңірдегі құрылыс нысандарының қазіргі жағдайы туралы баяндады. Аудан және қала әкімдері жиынға бейнебайланыс арқылы қатысты.
Басқарманың мәліметінше, 2025-2026 жылдары облыста 276 жобалық-сметалық құжаттама әзірленген. Оның 198-і сараптаманың оң қорытындысын алған. Қазіргі уақытта 34 жоба бойынша құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізілуде. 11 нысанның құрылысы аяқталып, пайдалануға қабылданған.
Биыл құрылыс жұмыстарын бастауға қатысты 840 талон-хабарлама түскен. Жыл басынан бері барлық қаржы көздері есебінен 213 құрылыс нысаны пайдалануға берілді.
Құрылыс сапасын бақылау мақсатында жыл басынан бері 113 тексеру жүргізіліп, нәтижесінде 93,7 млн теңге көлемінде айыппұл өндірілді. Өткен жылы анықталған 223 бұзушылықтың 208-і жойылған. Қалған нысандар бойынша тиісті жұмыстар жүргізілуде.
Биыл облыста 310 нысанды мониторингпен қамту жоспарланған. Бүгінде оның 197-сі зерделенді.
Облыс әкімі басқарма тарапынан берілген ескертулерді назарға алып, мониторинг барысында анықталған заң бұзушылықтарды толық жоюды тапсырды. Сонымен қатар инженерлік инфрақұрылым нысандарын пайдалануға беру жұмыстарын жеделдетуді және аудан-қала әкімдеріне құрылыс нысандарына бақылауды күшейтуді жүктеді.
«Құрылыс саласындағы заңдылықтың сақталуын қамтамасыз ету, салынып жатқан нысандардың сапасы мен қауіпсіздігін бақылау – өңірдің тұрақты дамуы үшін аса маңызды міндеттердің бірі. Бүгінде облыс аумағында әлеуметтік нысандардың, инженерлік инфрақұрылымның, тұрғын үй құрылысының көлемі артып келеді. Нысандардың мерзімінде пайдалануға берілуі облыстың құрылыс көлемі индикаторын көтереді. Сондықтан бұл жұмысты аудан, қала әкімдері, тапсырыс беруші басқармалар қатаң және тұрақты бақылауға алуы қажет. Өңіріміз үшін бұл нысандардың барлығы да маңызды. Сондықтан құрылыс жұмыстарының сапасы мен белгіленген мерзіміне талапты күшейту керек. Әр нысан уақтылы әрі сапалы салынуы тиіс. Құрылыс басталғаннан бастап, пайдалануға берілгенге дейін қатаң бақылауда болуы қажет. Жылыту маусымына дайындыққа ерекше назар аударыңыздар», – деді аймақ басшысы.



